Медеу ауданында 126 автобус жаңартылады

Медеу ауданында 126 автобус жаңартылады
Сурет: Fotobus.msk.ru

Ауданның жол және көлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

2022 жылы 27 км-ден астам жолға орташа жөндеу, сондай-ақ 32,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді, 18 км-ден астам тротуар жайластырылды.

2023 жылы 37 көшедегі 32 км-ден астам жолды орташа жөндеу, сондай-ақ 50 мың шаршы метр жолды ағымдағы жөндеу және 16 көшеде 18,5 км тротуар салу жоспарланған.

«Медеу ауданында қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсарту үшін  2022 жылы қалалық тасымалдаушылар 225 жаңа автобус сатып алды. Осылайша, 20 маршруттағы автобустар жаңартылып, бір жаңа маршрут іске қосылды (№100).

Биыл 8 маршрутта 126 автобусты жаңартуға ниеттіміз. Жаңа автобустардың сатып алынуына қарай жұмыс жыл соңына дейін жоспарлы түрде жүргізіледі», - деді қала әкімі Е.Досаев.