ҚМДБ-ның Халал сертификатын алған кәсіпорындар саны Алматы қаласы бойынша – 93 мекемеге жетті

Жас кедергі емес

Алматы қаласы Орталық мешітінің жанынан ашылған Тігін курсы карантинге дейін қырық шақты қыз-келіншекті оқытып қана қоймай, діни сауаттылықты арттыру бойынша да білім берген.

«Балық берме, қармақ бер» деген ұстаныммен жұмыс істеген Тігін орталығы курсқа қатысқан қыз-келіншектерге төрт ай ішінде әйелдердің киімін тігумен қатар, шалбар тігу және киім қысқартуды үйретіп, өздерінің жеке ісін ашып, табыс табуға дейін баулыған.

Киім дизайнері, модельер-конструктор Сандуғаш Жолдыбай бұл тігін саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби шебер. Өзінің жұмыс істеп тұрған жеке ательесі де бар. Айтуынша, жұмыс кездері тігінге қызыққан қыздар ғана емес, тұрмысқа шыққан жақын құрбылары да одан тігінді үйретуін сұрап, көп қолқа салған. Уақыттың тығыздығынан Тігу және пішу курсын бастай алмай, біраз жүреді. Өйткені, сол кездері Сандуғаш Орталық мешіттің дәрістеріне қатысып, діни білім алып жүрген еді. Сәтін салған іс болған шығар, дәл сол уақыттары Катардан еліміздің әйел жамағатына деп 20 тігін машинасы беріледі.

«Дәріс беріп жүрген ұстазым Айнұр Жарқынбекқызы тігін курсын маған жүргізуді ұсынды. Ойланбастан бірден келістім. Алғашқы легімізге 17 қыз жазылып, жақсы нәтижемен аяқтады. Көпшілігі аналар мен жұмыстағы қыз-келіншектер болған соң курсты аптасына 1 рет төрт сағаттан өткіздік. Орталық мешіттегі ең жас түлек 13 жастағы мектеп оқушысы, ең үлкені 80 жастағы апамыз керемет нәтиже көрсетті. Жастардан озып шығып, озат болуға ештеңенің кедергі болмайтынын дәлелдеді», – дейді Сандуғаш.

Карантинге дейін бес ай жұмыс істеген Тігін орталығынан 40 шақты әйел білім алумен қатар тігуді де меңгеріп шыққан. Олардың арасында «Жусан» операциясымен елге оралған әйелдер де бар. Курс арқылы олар қоғамдық ортаға бейімделумен бірге оңалту жұмыстарынан да өтті.

 

Салафиліктен бас тартты

Алматы қаласы Дін істері басқармасы жат ағыммен күресті қаладағы Түзету және басқа да құзыретті мекемелермен бірлесе жүргізуде.

Жергілікті биліктің қолдауымен арнайы құрылған орталыққа және түзету мекемелерінде жұмыс жүргізуге былтыр қалалық мешіттерден 7 қызметкер арнайы бекітілген. Оларға жергілікті мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат та қарастырылған көрінеді.

«Аталған жұмыстың нәтижесінде 52 тұлға салафи райынан қайтарылды. Түзеу колонияларында 35 кездесу өткізіліп, ол шара 205 жазасын өтеуші азаматтарды қамтыды. Нәтижесінде 12 адам райынан қайтты. Ал 135 адам қоғамдық құндылықтарға бейімделді», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарға басымдық бермек. Соның бірі  – жат діни ағымдармен күрес.

 

Діни әдебиеттер – бақылауда

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма – дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын бірден-бір орган.

Бүгінде мегаполисте 17 конфессиядан құралған 183 діни бірлестік пен олардың мүддесін білдіретін 80 миссионер тіркелген. Олардың басым бөлігін орыс православтық, рим-католиктік және протестанттық шіркеудің өкілдері құрайды.

Қалада діни әдебиеттер не діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарату үшін 14 арнайы стационарлы үй-жайлар жұмыс істейді. Аталған басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшекенің айтуынша, стационарлы үй-жайлардың қызметіне ай сайын мониторинг жүргізіліп отыратын көрінеді. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің кітап қорларында, мәдениет мекемелерінде, түзету мекемелерінде дінтану сараптамасының оң қорытындысын алмаған діни әдебиеттердің таралуына жол бермеу үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады.

Карантин кезінде байқағанымыздай, Instagram әлеуметтік желісіндегі басқарманың din_almaty ресми парақшасында тікелей эфирлер жүргізілді. Эфир кезінде теологтармен қатар дінтанушылар, психологтар, заңгерлер мен ЖОО-ның оқытушы профессорлары қауіпті жат діни ағымдардың идеологиясы, дәстүрлі ислам деген не, қазақ халқының діни танымы, діни білім және діни экстремизм, зайырлылықтың мәні, діни фанатизмнің белгілері, жиһадтың мәні, тәкпіршілер деген кімдер және қайдан шыққан, ұлттық дәстүрлер және неке қию тәртібі, келіннің сәлем салуы «ширк пе»,

«Таблиғи жамағат» ұйымы қандай ағым деген секілді дін саласындағы сан алуан тақырыптарда дәріс оқып, тыңдармандардың сауалына жауап берді.

Бұл жұмыстар din_almaty парақшасында әлі де жүргізілуде.

 

 

Былтырғы жетістіктер

«Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық акциясы аясында 4 млн. теңгеден астам қаржы жиналып, Түркиядан 17 оттегі аппараттары сатып алынды. Аппараттар қалалық денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды.

Алматы орталық мешіті жанынан пәтуа call-центрі құрылды. Ол аптаның жеті күнінде 9.00-18.00 уақыт аралығында үзіліссіз жұмыс істейді. Қала тұрғындары бұл орталықтан күнделікті өмірде, қоғам мен отбасында кездесетін түйткілді мәселелерге жауап ала алады. Ол үшін мына телефондарға: 8 (727) 329-09-66 +7 700 719 76 22 хат жазып не хабарласа аласыздар.

ҚМДБ-ның Халал сертификатын алған кәсіпорындар саны Алматы қаласы бойынша – 93 мекемеге жетті.

Қала әкімдігінің және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен Алматы Орталық мешіті мен қаламыздың 28 мешітінің ауласы толық күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Алматы Орталық мешітінің ауласына субұрқақ орнатылды. Құрылыс жұмыстарына барлығы  871 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша көпбалалы отбасыларға 10 баспананың кілті табыс етілді.

Орталық мешітте қыз-келіншектерге арналған тігін курсы ашылған. Оны 34 қыз-келіншек (оның ішінде «Жусан» операциясымен елге оралған 6 әйел бар) бітіріп, сертификат алды.

«Жусан» операциясымен елге оралған балаларға «Мектепке жол» акциясы аясында 10 планшет пен 10 сөмке берілді.

ҚМДБ-ның төл телеарнасы – «Халық арна» ашылды. Ол «ОтауТВ» және ІD цифрлық телеарнасы арқылы хабар таратуда.

Жыл басынан бері www.azan.kz сайтына әлем бойынша 4 млн. астам оқырман кірген. Zero.kz рейтингтік жүйесінде қазақстандық 3000 сайттың арасында azan.kz сайты орта есеппен үздік 20-ның қатарында тұр.

Қала бойынша 14 садақа терминалы бар.

Қалада 52 мешіт бар. Онда барлығы 248 қызметкер жұмыс істейді. «Жас қанат» шағын ауданындағы «Абдулла» жаңа мешіті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің қатысуымен ашылды.

 

                                                               Бетті дайындаған Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *