Министрлік McDonald's мейрамханаларының жабылу себебін түсіндірді

Министрлік McDonald's мейрамханаларының жабылу себебін түсіндірді
сурет: panorama.lt

McDonald's-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері McDonald's мейрамханалары жабылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, McDonald's мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілген. Бірақ McDonald's-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындаған.

«Шетелдік компания өкілдері келешекте қазақстандық өнімге көшуге дайын болған. Алайда отандық өндірушілердің компанияның жоғары стандарттарын енгізуі біраз уақыт алды. McDonald's өкілдерінің өтініші бойынша, жергілікті шикізатқа көшкенге дейін Қазақстан үкіметі ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге дайын болды. Мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша бірқатар кеңестер өткізді», - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық ет пен сүт өнімдерін компания талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс басталған.

«Қазіргі уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald's талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын  бастады. 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда McDonald's-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ», - делінген хабарламада.

Бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң талаптар қойылатынын білдіреді. Оған мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралық кіреді. Алайда министрлік мәліметінше, бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда McDonald’s мейрамханалары жұмысын тоқтатқаны туралы айтылды.