Көмір және коммуналдық қызмет қымбаттамайды

Көмір және коммуналдық қызмет  қымбаттамайды
Сурет: Тraid24.com

Баға өспейді

Ертіс өңірінде коммуналдық қызмет пен тұрмыстық қажеттіліктегі көмір бағасы өспейтін болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Баға өткен жылғы көрсеткішке сәйкес болмақ. Сала мамандарының хабарлауынша, осындай келісімге энергия таратушы ұйымдар келген. Ал аймақтың тұрғын үй-коммуналдық қызмет өкілдері халықты көмірмен қамтитын кәсіпорындармен меморандумға қол қойған.

Мақсат - ішкі нарықтағы қатты отынды қымбаттатпау және өндіріс көлемін азайтпау. Қазіргі уақытта нарықтағы қатты отын бағасы тұрақталған. Тапшылық жоқ. Кеніштен шығарылатын көмірдің бір тоннасының бағасы 7500 теңгені құрайды.

Тасымалдау шығындары есепке алынса, 8 мыңнан 20 мың теңге аралығында сақталады. Бұл - өткен жылғы көрсеткіш. Аталған мәселе қала-аудан әкімдерінің жіті бақылауында болмақ.

Сонымен қатар, нарықтағы баға бойынша мониторинг тұрақты жүргізіледі.

Бағаны негізсіз көтеру деректері тіркелсе, қатаң жаза қолданылмақ.

– Көмір өндірісі сұранысқа сай ұлғайып келеді. Облыс сұранысы бойынша былтыр 105 мың тонна қатты отын шығарылды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Өндірістік қуаттылығымызды арттыруға мүмкіндік бар. Ал баға өзгермейді. Мәселен, екі жыл бұрын теміржол бойын тасымалданатын көмірдің тоннасы 7600 теңге көлемінде болса, биыл 6335 теңгеге арзандатылды, - деді көмір өндіруші кәсіпорын басшысы Нұрлан Ахметбаев.