Мажарстан режиссері Қазақстандағы ашаршылық қасіреті туралы фильм түсірді

Мажарстан режиссері Қазақстандағы ашаршылық қасіреті туралы фильм түсірді
Сурет: Дереккөз

2023 жылы экранға шықпақ

«Қазақфильм» киностудиясында ашаршылық туралы «Өліара» атты толықметражды көркем фильмі түсірілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өліара» көркем фильмінің түсірілімі 2021 жылғы 28 қазан мен 7 желтоқсан аралығында Алматы облысында өтті. 2022 жылы шілде айында кинокартинаның монтаждау-әрлеу кезеңі басталды.
Фильмнің сценарий авторы Нұрлан Санжар, қоюшы режиссері Мажарстан Республикасының тумасы Тамаш Тот. Фильмнің желісі XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық қасіретін баяндайды.

«Картинаның сюжеті бойынша Иштван Мадьяр «саяси кінәсін» өтеу үшін қазақ жерінежіберіледі. Ол Қарабайдың жедел отрядына түсіп, кулак малын жедел іздеумен және тәркілеумен айналысады. Сол кезде өз көзімен ашаршылық пен жауынгерлердің қатыгездігін көріп, төңкеріс туралы көзқарасын өзгертеді. Иштван жергілікті тұрғындарға жақтасып, солармен бірге қызыл озбырлықпен күресуге тырысады. Бас кейіпкер аман қалып, қазақ халқының ұлы қасіреті туралы шындықты жеткізуге бар күшін салады», -деді фильмнің атқарушы продюсері Жансерік Шонаұлы.

Фильмге екі елдің танымал актерлері қатысқан. Басты рөлдерде Мажар елінің театр және кино актері Питер Барна, белгілі қазақстандық актерлер Алдабек Шалбаев, ЕржанНұрымбет және басқалары ойнаған.
Картинаның үлкен экрандарға шығуы 2023 жылға жоспарланып отыр.