Мас күйінде көлік жүргізгендерге қатаң жаза тағайындалмақ

Мас күйінде көлік жүргізгендерге қатаң жаза тағайындалмақ
elets-adm.ru

Мас күйінде көлік тізгіндеп алғаш рет ұсталған азамат бірден 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.

– Әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізіледі. Ол – қамақ. Оны міндетті түрде қолданады. Жүргізуші мас күйінде алғаш рет ұсталса да, 15 тәулікке қамалады. Жол апаты кезінде адамдардың денсаулығына зиян келмесе, бірақ материалдық шығын болған жағдайда, әкімшілік қамақтың мерзімі 20 тәулікке ұзартылады. Көлікті мас күйде жүргізсе, 7 жылға куәлігінен айырылады, – деді Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов.

Оның айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылған адам бір жылдың ішінде рөлге қайта отырса, 20 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Ал мас күйде көлікті қайта тізгіндегендер 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеліп, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін. Жол апатына түссе 8 жылға, оқиға салдарынан кісі өлімі тіркелсе 10 жылға дейін бас бостандығынан шектеледі. Медициналық тексерістен бас тартқан азамат 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұрын бұл мерзім 3 жыл болған екен. Тағы 15 тәулікке қамалу қарастырылған.