«Құман қасымда болғанда…»

Белгілі өнер шебері Меруерт Өтекешованы көрермен әлі күнге «Қыз Жібек» образында қабылдайды.

 

Махаббат символына айналған, қазақ үшін аса бағалы фильмнің басты кейіпкері болған актриса бүгінде өмірінің 70-інші белесіне шықты дегенге тіпті сенбейсің. Өнердегі өзіндік қолтаңбасымен дараланған талант иесіне ел-жұрттың ыстық ықыласы ешқашан суыған емес. Ол «Қыз Жібек»-тен бастап, «Ғани Мұратбаев», «Тел өскен ұл», «Қосымша сұрақтар», «Тентек балалар», «Аждаһа жылы», «Өрнек», «Өтелмеген парыз», «Жауын», «Ақ бақсы», «Шоқан Уәлиханов», «Махамбет», «Арман қала», «Секіріс» сияқты көптеген фильмдер мен телехикаяларға түсті. Бізге «Қыз Жібекті» табу қиынға түспеді. Табиғатынан қарапайым, жан-дүниесі нәзік өнер иесі әңгімесін ақжарқын күйде бастады.

– Құман кеткелі көңілім алаңдап, құлазып қалдым, – дейді ол. – Үнемі сырттан күлімсіреп кіріп келетіндей көрінеді де тұрады. Соңғы кезде тіпті, қатты сағынып жүрмін. Күндіз көңілімде, түнде көз алдымда тұрады. Құман қасымда болғанда мына індеттің өзі де мен үшін түк емес болар еді…  Құман өте ерекше, табиғатынан адал жан ғой.  Біреуге жамандық жасамақ түгілі, қолындағы барын беріп, үнемі жаны ашып жүретін. Ешқашан біреудің алдына барып, атағын пайдаланып, бірдеңе сұрамайтын. Ондай әдетті жек көретін.   Тіпті, «күні ертең  қандай жағдай болады» деп, бірдеңе жасап, жиын-терін жасаған жан емес. Сол дархандығынан шығар, халқы жақсы көріп, алақанына салып өтті ғой.

– Құман ағаның мінезі қандай еді?

– Құманның мінезі керемет еді ғой.  Нағыз ақылына көркі сайдың өзі. Мінезі аңғал, батырға тән қасиеті басым еді. Құман өнерде де, өмірде де Төлеген болды. Туған-туыстың ортасында беделді, дос-жаранға сыйлы еді. Көрермені де оны өте жақсы көрді. Көшеде көрсе де, анадайдан келіп сәлем беріп жататын. Қолы ашық, барын аямайтын, көп адамға көмектесті. Құманның өмірден өтетінін өзі де, мен де білмедім ғой. Дәрігерлер де отадан кейін «Ағаның жасы ұзақ болады. Алаңдайтын ештеңе жоқ, бәрі жақсы» деген. Оның үстіне атамыз, Құманның әкесі 90-ға келіп қайтқан. Іштей сол кісінің жасына жетер деп ырымдап жүруші едім. Ойымызда еш алаң болған жоқ.

Дүниеден қайтар алдында Құманның өзі де «батамды берейін» деп, үш тойға бардық. Құман туралы көп айтуға, көп жазуға болады. Адам ретінде де, актер ретінде де керемет жан еді. Қазір  кітап жазып жатырмын, сонда бәрі айтылады.

– Кезінде «Қыз Жібек» фильміне қатысты жағымды жаңалық айтқан едіңіз, сол жұмыстар жалғасып жатыр ма?

– Кеңес Одағы кезінде түсірілген фильмдердің барлығы Мәскеудегі арнайы үлкен қоймада сақталатын еді ғой. Ондағы киноның сапасы бастапқы күйінен бұзылмайды. Сол үшін Мәскеуге барып, өз қаражатым бар, демеушілердің көмегі бар, «Қыз Жібекті» елімізге әкелдім. Өйткені,  біздегі пленка өте ескіріп кеткен. Түпнұсқаны қалайда өз елімізге  жеткізуіміз керек болды. Ендігі бір арманым – сонда сақталып тұрған тағы басқа да киноларды әкелсек деймін. «Алтын қордағы» киноларымыз ескіріп  бара жатқандықтан, жаңартуға тиіспіз. Бұл тарих, ұрпақ, халық үшін керек.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қыздарым мен немерелерім қасымда. Солармен шүйіркелесіп, үй тіршілігімен, немереге қараумен уақыт өтеді. Кезінде Айман Мұсаходжаева: «Жастарға өнердің қыр-сырын үйретіңіздер» деп Құман екеумізді Нұр-Сұлтандағы «Шабыт» академиясына шақырған. Сонда еңбек етіп жатырмын. Негізгі жұмысым – сол.

Биыл режиссер Бекболат Құрманқожаев екеуміздің дәріс беріп, актерлік шеберлік мамандығына баулып жатқан алғашқы шәкірттеріміз 4-курсты бітіргелі отыр. Талантты жастар өте көп. Қазірдің өзінде 3 студентімді үш театр аттай қалап, жұмысқа алды. Біраз жоспарым бар еді. Әзірге тоқтап тұр.  Індет ауыздықталып, қалыпты өмірге көшкен соң, Құманның жоспарлап кеткен жұмыстарын қолға алсам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет! Әрдайым мерейіңіз үстем бола берсін!

 

Сұхбаттасқан Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *