Мамандығым - мақтанышым

Мамандығым - мақтанышым

 Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Педагогикалық сыныптар құру» пилоттық жобасы аясында «Мамандығым - мақтанышым» танымдық кеші өтті.
Жаңа оқу жылының басында университет ректоры Дархан Біләлов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, Педагогика және психология институтының педагогика кафедрасының меңгерушісі Шолпан Колумбаева, педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Сайдахметов бастаған шығармашылық топ «Педагогикалық сыныптар құру» тақырыбында еліміздегі алғашқы пилоттық жобаны әзірледі. Мақсаты – оқушы жастарды педагогикалық салаға ерте бейіндеу, мұғалім мамандығына қызығушылықты арттыру және педагогикалық қызметте өзін-өзі тәрбиелеу және педагогикалық қызметтің мүмкіндіктеріне оң көзқарасты қалыптастыру.


Жобаны жүзеге асыру бүгінде жалғасуда. Айта кетейік, идея авторы ректор Дархан Біләлов. Университет басшылығы болашақта ұстаздық етуді таңдаған студенттерге тегін гранттар, сондай-ақ үздік оқушыларға – оқу озаттары мен белсенділерге жеңілдіктер беру туралы шешім қабылдады.
Осы жобаны іске асыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, еліміздің еңбек сіңірген ұстазы А.Миразова, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры М.Бектемесов, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Х.Жанбеков, педагогика кафедрасының доценттері М. Курсабаев пен Б. Сайдахметов қатысты. Олар жоба туралы өз ойларын бөлісті.
Кездесуге Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының, К.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектептің, №81 мектеп-гимназиясының және Ш.Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің 11 сынып оқушылары келді, олар осы пилоттық жобаның негізгі қатысушылары болып саналады.


А.Миразова азаматтардың білім берудегі және жалпы адамды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтіп, өз өміріндегі мысалдармен ұлт алдындағы педагогиканың негізгі міндеттері туралы айтып берді, ал проректор М.Бектемесов кездесуді қорытындылай келе, болашақта мұғалім мамандығын таңдайтын оқушылар үшін Абай университетінің есігі әрдайым ашық екенін атап өтті.


Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл кездесу жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және жан-жақты диалог жағдайында өтті. Қатысушылар жоба туралы өз ойларын бөлісті.