Мамандар республикалық автожолдарды қысқы маусымда қалай күтіп ұстауда?

Мамандар республикалық автожолдарды қысқы маусымда қалай күтіп ұстауда?
Сурет: Dw.com

Автотрассаларда 133 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.

Қазақстандық мамандар қысқы маусымда жол жүрген азаматтарға қиындық туындамау үшін қандай әрекеттер жасалып жатқаны жайында  айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 «Республикалық жолдарды қысқы маусымда күтіп ұстауға «Қазақавтожол» ЖШС кәсіпорны 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырды. Көктайғаққа қарсы 122 мың текше метрден аса құм мен ұнтақ, 18 мың тоннаға жуық тұз және химиялық реагенттер дайындалды. Сонымен қатар, қар құрсауы пайда болуы мүмкін жерлерде 55 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқандар және 5 мыңға жуық уақытша жол белгілері орнатылуда», - делінген Индустрия министрлігінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда республикалық жолдардың барлығы ашық. Оларды күтіп ұстау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Қар басатын барлық учаскелерде ауа райының өзгеруіне байланысты және жол элементтерін ауыстыру үшін шұғыл әрекет ететін тәулік бойғы патрульдеу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сапарда қиын жағдайға тап болған жолаушылар үшін ел бойынша 133 жылыту бекеті жұмыс істейді.

Оқыс жағдайлар туындаған кезде жол қозғалысына қатысушылар 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы істейтін call-орталыққа хабарласа алады.