Мамандар Қазақстан арқылы өтетін ірі есірткі тасу арнасын анықтады

Мамандар Қазақстан арқылы өтетін ірі есірткі тасу арнасын анықтады
Сурет: Inbusiness.kz

Шара барысында Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көп сатылы халықаралық операцияны әзірлеп, іске асырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бұл қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан тұрды. Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған.Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды», - делінген ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті.

Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды.

Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді.

Бұдан әрі, Амстердам қаласының құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады.

Сарапшылардың деректері бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 млн. АҚШ долларын құрайды.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.