Мамандар инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отырғаның айтты

Мамандар инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отырғаның айтты
Сурет: Almaty.tv

Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр.

Әлемдегі жаппай қымбатшылық Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігіне де әсер еткен. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында осындай мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Инфляцияның сыртқы және ішкі факторлары бағаның өсу жағына қарай қысымды күшейтіп келеді. Әлемде инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отыр. Ол жайт тауар жеткізіліміндегі проблемаларды ушықтыра түсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Шикізат пен материалдар құны тұрақты түрде өскендіктен, дайын өнім де жаппай қымбаттады», - деді Ұлттық банк басшысы. 

Оның мәліметі бойынша, мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі өскен. Сондай-ақ ол АҚШ Федералды резерв жүйесінен кейін Еуропа орталық банкі де шілде айында мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін екенін атап өтті. 

«Нарықтың болжамдары бойынша, Еуропа Орталық банкінің депозит мөлшерлемесін 2022 жылдың соңына қарай -0,5%-дан оң мәнге дейін, ал 2023 жылы 1%-дан жоғары көтереді. Англияның орталық банкі мамырда мөлшерлемені 25 базистік тармаққа 1%-ға дейін көтерді. Инфляциялық болжамдардың ұзақ уақыт бойы мақсаттан ауытқу қаупі орталық банктерді монетарлық саясатты агрессивті түрде күшейтуге итермелейді. Геосаяси тәуекелдердің орын алуы және АҚШ Федералды Резерв Жүйесінің монетарлық саясатты күшейтуі жыл басынан бері АҚШ доллары индексінің 7,6%-ға өсуіне себеп болды», - деді Ғалымжан Пірматов.