Мамандар 157 елді мекенді су басу қаупі барын айтты

Мамандар 157 елді мекенді су басу қаупі барын айтты
Сурет: Inform.kz

Қар көшкіні және су тасқыны болуы мүмкін.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин елімізде су басу қаупі бар өңірлерді атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облысында таяудағы аптада күн күрт жылиды деп күтілуде. Сәйкесінше, бұл қардың еруі мен сең жүруге ықпал етеді. Осы орайда жоғарыда аталған өңірлерге қарасты 157 елді мекенді су басу қаупі бар», - деді Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр еліміздің оңтүстік өңіріндегі жағдайға тоқталып өтті.

«Сонымен қатар Түркістан облысының оңтүстігі мен тау бөктері аудандарында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында, сол сияқты Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтілуде. Осыған байланысты жоғарыда аталған өңірлерде қар көшкіні және су тасқыны болуы мүмкін», - дейді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, ауа райының қолайсыздығы салдарынан болатын төтенше жағдайдың алдын алу шаралары күнделікті жүріп жатыр және бақылауда.