Мәжілісте халықтың кедейлігі туралы мәселе көтерілді

Мәжілісте халықтың кедейлігі туралы мәселе көтерілді
Сурет: Adyrna.kz

Ерлан Саиров: Өмір көрсеткендей, халықтың кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Депутат Қазақстан Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды.

«Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне - 6 доллар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны – ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн, одан да жоғары екенін айтады. Өмір көрсеткендей, халықтың кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі», - деді Е.Саиров.

Оның пайымынша, ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді.

«Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді. Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар - ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек! Осы тавталогияның нәтижесінде 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдем тұралатып жіберді», - деді депутат.

Nur Otan партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді:

1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.

2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.

3. Екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.

4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.

5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.