Мәжіліс референдумдағы бюллетеньдерге қатысты құжатты мақұлдады

Мәжіліс референдумдағы бюллетеньдерге қатысты құжатты мақұлдады
Сурет: K1news.ru

Сенаттың қарауына жолданды.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

 «Заң жобасы республикалық референдум өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетень нысандарын біріздендіру мақсатында әзірленді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы отырысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл орынды ұсыныс, қоғам өмірінің неғұрлым маңызды мәселелеріне қатысты шешімдерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешу – халық билігінің әділетті қоғам құруының айрықша көрінісі», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов. 

 Оның айтуынша, заң жобасымен референдумға қойылған мәселелерді қамтитын бюллетендердегі бірде-бір жауап белгіленбеген нұсқаларын жарамсыз деп тану және ұсынылған жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетеньдерді жарамды деп тану нормалары енгізіледі. 

«Алайда бұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде есепке алынбайды. Сонымен қатар, дауыс берушінің бюллетеньде кез келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланады. Бұл норма, өз кезегінде, дауыс беру рәсімін жүзеге асыру процесінде азаматтарға қолайлы жағдай жасайды. Заң жобасын қабылдау теріс және өзге де келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және бюджет шығыстарын талап етпейді», - деді депутат. 

Палата депутаттары талқылаудан кейін аталған құжатты мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.