Мәжіліс депутаттығына үміткер 1 млн теңгеден астам сайлау жарнасын төлейді

Мәжіліс депутаттығына үміткер 1 млн теңгеден астам сайлау жарнасын төлейді
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Сайлауға түсетін үміткерлер төлейтін жарна сомасы белгілі болды.

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер төлеуі тиіс жарнаны бекітті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

«Сайлау туралы» заңға сәйкес, Мәжіліс депутаттығына әрбір кандидаттың талаптарға сәйкестігі тексерілген соң, Орталық сайлау комиссиясының шотына ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу міндеті белгіленеді. Енгізілген жарна егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5% жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда қайтарылады», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов комиссия отырысында.

Елімізде 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып белгіленген. Осылайша, Мәжіліс депутаттығына сайлау жарнасы 1 млн 50 мың теңгені құрайды.

«Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақыны (350 мың теңге) құрайды. Енгізілген жарна егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру нәтижелері бойынша сайлаушылар даусының кемінде 5% жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады», - деді А. Смағұлов.

Еске сала кетсек, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.

18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау күні.