Мәулен Әшімбаев: Реформалардың басты мақсаты – әділетті Қазақстан құру

Мәулен Әшімбаев: Реформалардың басты мақсаты – әділетті Қазақстан құру
Cурет: Сенат

Конституциялық реформа –Жаңа Қазақстаннын негізі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті. Онда Кеңес мүшелері «Конституциялық реформа –Жаңа Қазақстаннын негізі» тақырыбында ой өрбітті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстан құру жолында кешендіреформалар қолға алынғанын тілге тиек етті.

«Қазір еліміз үшін өте маңызды кезең. Ауқымды әрі кешенді реформалар қолға алынып, қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл реформалардың негізгі мақсаты әділетті саяси-экономикалық жүйе қалыптастыру. Әділетті жүйе дегеніміз, бірінші кезекте, заң үстемдігін орнату және азаматтардың бәріне бірдей тең мүмкіндік жасау. Бұл Жаңа Қазақстан құрудың негізгі мәні екені сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған және референдум кезінде қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдірген реформаларды сапалы заңнамамен қамтамасыз ету қазір Палатаның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Бұл ретте алдыңғы буын мемлекет қайраткерлерінің, оның ішінде Сенаторлар кеңесінің мүшелерінің мол тәжірибелері мен білімі үлкен мәнге ие.
Отырыс барысында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков баяндама жасады. Ол құқықтық саланы, оның ішінде сайлау жүйесін, сайлау процесін жаңғыртудың, құқық қорғау институттарын күшейтудің маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар іргелі сипатқа ие. Олар қоғамның саяси жүйені демократияландыруға деген көпжылдық сұранысынан туындап отыр. Сондай-ақ бұл өзгерістер азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету және Жаңа Қазақстан құруға тікелей қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді», – деді Владимир Волков.

Отырыс кезінде Сенаторлар кеңесінің мүшелері Төлеубек Мұқашев, Серік Ақылбай, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов және Серік Бектұрғанов сөз сөйлеп, конституциялық реформаны іске асыру жөніндегі ойларымен бөлісті.