Мәулен Әшімбаев: Наурыз - жаңару мен жаңғырудың бастауы

Мәулен Әшімбаев: Наурыз - жаңару мен жаңғырудың бастауы
Cурет: Egemen.kz

Әз-Наурызда айтылар ақ жарма тілектер қабыл болып, арман-мұраттарымызға жете берейік

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Құрметті достар!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы. Бұл күн елдік пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесі.
Халқымыз әз-Наурызды қашанда жақсылық пен жаңашылдықтың жаршысы ретінде үлкен үмітпен қарсы алады. Ұлтымыздың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі осы күндерде кеңінен дәріптеледі.
Тіршілік атаулы түгел қайта жанданатын осындай сәтте еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы символдық мәнге ие. Шын мәнінде, халық Мемлекет басшысының Жолдауын жаңа Қазақстанның бастауы ретінде қабылдап жатыр.
Сондықтан Жаңа жылымыз жаңа мақсаттар мен міндеттер іске асатын табысты жыл болады деп үміттенеміз. Жыл жақсылығымен келсін.
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, әр отбасына амандық, құт-береке және жаңа жетістіктер тілеймін!
Әз-Наурызда айтылар ақ жарма тілектер қабыл болып, арман-мұраттарымызға жете берейік. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!», деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook желісінде.