Тоқаев: мәслихат төрағаларының міндеті – популизмге ермей, нақты проблемаларды шешу

Тоқаев: мәслихат төрағаларының міндеті – популизмге ермей, нақты проблемаларды шешу
www.inform.kz

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті мәслихаттардың алдындағы нақты міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың соңында мен вице-министрлер құрамының сапасына талдау жүргізуді тапсырдым. Белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізілді. Әрбір лауазымды тұлғаға оның жеке және кәсіби құзыреттеріне сәйкес баға берілді.Қазіргі таңда осындай талдау облыс әкімдерінің орынбасарларына қатысты жүргізіліп жатыр. Үкімет пен әкімшілік кадрлық шешімдер қабылдау кезінде қызметін өсіру кезінде де, қызметінен босату кезінде де осы бағалау нәтижелерін ескеруі керек. Жергілікті өзін-өзі басқарудың әлеуетін күшейту қажет. Бұл тұрғыда көп нәрсе жаңадан сайланған мәслихаттардың жұмыс сапасына байланысты болады. Соңғы әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, бүгінгі таңда азаматтардың мәслихаттарға деген сенімі аз – тек 53% ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кеңеске қатысып отырған жергілік мәслихат төрағаларына: «Сіздердің бірінші кезектегі міндеттеріңіз – жеңіл популизмнің жетегіне ермей, жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау. Депутаттар электораттың өзекті мәселелерін шешуде күнделікті қажырлы жұмысқа көшіп, кәсібилік пен жауапкершілік танытуға тиіс. Әкімдіктермен өзара іс-қимыл атқарушы органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, сындарлы жүргізілуі керек», – деді Мемлекте басшысы.