Мәслихат депутаттары Алматының дизайн-кодын бекітті

Мәслихат депутаттары Алматының дизайн-кодын бекітті
Сурет: Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі

Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин аталған құжаттың екі жақты міндеттерді шешетінін атап өтті: бірегей тарихи келбетті сақтау және әлемдік үрдістерге сәйкес келетін болашақ мегаполистің бейнесін жасау.

Бүгін Алматыда VIII сайланған мәслихаттың кезекті XIII сессиясы өтті. Сессия барысында қабылданған маңызды шешімдердің бірі – депутаттардың мегаполистің дизайн-кодын бекітуі, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

«Дизайн-кодты әзірлеу аясында халықаралық тәжірибенің талдауы жүргізіліп, сарапшылармен 15 жобалық семинар ұйымдастырылды. Қала тұрғындарының 13 мыңнан астам сауалнамасы жиналып қарастырылды. Респонденттердің 40-50% астамы – қаламызда туғаннан бері тұрып келе жатқан алматылықтар», - деді Асқар Әмрин.

Алматының қалалық кеңістігіне дизайн-кодты енгізу ауқымды талқылаулар мен қалалық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болды. Осыған дейін құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі жөніндегі комиссияның отырысында депутаттар жобаға әзірлеушімен талқылаудан кейін енгізілген бірқатар ұсынымдарды айтқан. Атап айтқанда, жаңа дизайн-код енгізілгеннен кейінгі бірінші жылы азаматтардан келіп түскен өтініштер саны көп болған жағдайда түзетулер енгізу мүмкіндігі қарастырылды.

Қала әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындары мен кәсіпкерлерінің қажеттіліктеріне жауап ретінде дизайн-кодты кезең-кезеңімен енгізуді тапсырды. Өтпелі кезең жаңа стандарттарға икемді бейімделуді қамтамасыз етеді. Жаңа нысандар ұсыныстардың толық көлемін қолдайды, ал бұрыннан бар нысандар үшін кешенді тәсіл қарастырылған. Ақпарат, ресурстар және тәжірибе алмасудың орталығына айналған дизайн-кодының сайт-сервисі жасалды. Бұл алаң дизайн-кодты енгізу кезінде қоғамдық диалог пен бірлесіп жұмыс істеудің маңызды құралы болады.

Дизайн-код – әрқайсысы жеке бағытты сипаттайтын қосымшалар жиынтығы. Мұндай қосымшалардың алтауы болды: ақпарат тасығыштары, навигация, қалалық жиһаз, көгалдандыру, қасбеттер мен қоршаулар. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалалық нысандарды жарықтандыру бойынша жетінші қосымша қосылды.

Мәслихат сессиясы барысында депутаттар сайлау комиссияларының бес жылды құрайтын өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты Алматы қаласының сайлау комиссияларының жаңа құрамын бекітті. Мәселен, сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру екі айдан кешіктірілмей басталады және 2024 жылғы 9 қаңтарда сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін үш күннен кешіктірілмей тоқтайды. Мәслихаттың жұмыс тобы ұсынылған құжаттарды мұқият қарап, үміткерлер бойынша шектеулердің бар-жоғын тексерді. Үміткерлердің тәжірибесі, кәсіптік білімі мен дағдыларын ескере отырып, барлығы үш саяси партиядан 1872 ұсыныс және сегіз қоғамдық бірлестіктен 2490 ұсыныс түсті. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, сайлау комиссиялары аумақтық комиссиялардың 63 мүшесінен және учаскелік комиссиялардың 4299 мүшесінен тұрады.