Мәскеу-Алматы бағытындағы ұшақ билетінің қатты қымбаттауына қатысты түсінік берілді

Мәскеу-Алматы бағытындағы ұшақ билетінің қатты қымбаттауына қатысты түсінік берілді
Сурет: Ашық дереккөзі

Ұшақ билетінің құны 7,8 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткен

Әлеуметтік желіде Мәскеуден Алматыға қатынайтын ұшақ билетінің құны 7,8 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткені туралы ақпарат пайда болды. Осыған қатысты Азаматтық авиация комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Әлеуметтік желілерде Мәскеу – Алматы бағыты бойынша билеттердің бағасына қатысты таратылып жатқан ақпараттағы билеттердің құны Дубай арқылы Мәскеу – Дубай ("Emirates" әуекомпаниясы) және Дубай – Алматы ("Эйр Астана"әуекомпаниясы) маршруты бойынша транзиттік рейстерді ескере отырып көрсетілгенін хабарлаймыз. Ал Мәскеу – Алматы және Дубай – Алматы бағыттары бойынша қазақстандық әуе компаниялардың тікелей рейстерінде тарифтер өзгермегенін атап өту қажет», -делінген ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметте.

Мысалы, 2022 жылғы 21 қыркүйек сағат 18:00-дегі жағдай бойынша:
• 2022 жылғы 24 қыркүйектегі Мәскеу (Внуково) – Алматы бағыты бойынша "SCAT" қазақстандық авиакомпаниясының рейсіне билет құны 253688 теңгені және ағымдағы жылғы 29 қыркүйектегі бағасы 208078 теңгені құрайды.
• 2022 жылғы 22 қыркүйектегі Дубай-Алматы бағыты бойынша "Эйр Астана" әуекомпаниясының рейсіне билет құны 334146 теңгені құрайды.

Айта кетсек, 21 қыркүйекте РФ Президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялады.
Ресейлік адвокат Георгий Малков "ФедералПресс" агенттігіне берген сұқбатында Ресей заңдарына сәйкес 18 жастан 65 жасқа дейінгі барлық ер адамдар шетелге шыға алмайтынын айтты.

Алайда Ресейде мобилизация шаралары қалай ұйымдастырылатыны, әзірге белгісіз. Әскери міндеттілердің елден шығуына тыйым салынғаны туралы да нақты ақпарат жоқ.