МӘМС арқылы 800-ден астам жасанды ұрықтандыру жасалды

МӘМС арқылы 800-ден астам жасанды ұрықтандыру жасалды
Сурет:MedPortal.ru

Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда көп.

Алғашқы үш айда МӘМС жүйесі аясында 835 экстракорпоралды ұрықтандыру шарасы орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қор сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2022 жылы 6,68 млрд теңгеге 7 000 ЭКҰ циклын қаржыландыруды көздеді. І тоқсанда 824,6 млн теңгеге экстракорпоралдық ұрықтандырудың 835 рәсімі орындалды. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда көп. 2020 жылдың І тоқсанында 59, 2021 жылдың І тоқсанында 526 цикл шығарылған. Айта кету керек, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады.

МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан атап өткендей, экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы - жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады және қымбат тұрады. Бұған дейін ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілген болатын. Алайда, қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді.

Ал, 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым (оның 18-і – жекеменшік) ЭКҰ процедурасын атқарады. Пациент клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін бекітілген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.