Маңдайша мәдениеті. Қалада тек бір тілде жазылған маңдайшалар аз емес

«Қала көшелері бойынан сап түзеген түрлі кәсіпкерлік нысандарының маңдайшаларынан қазақ тілінде жазылған сөзді іздеп дал боласың», – дейді қала тұрғыны Бекжан. Расымен де, қаламызда тек бір тілде, яғни орыс тілінде жазылған маңдайшалар қатары аз емес.

Алматы қаласы тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы кез келген маңдайшалардағы, мемлекеттік немесе коммерциялық нысандардағы жазулардың, қоғамдық орындардағы деректемелер мен жарнамалардың заңдылығы мен сауаттылығын қадағалап отырады. Зерделеу барысында нысан иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетіледі.

«Тіл туралы» Заңда көрнекi ақпараттың барлық мәтiнiнің жазылуының белгілі бір реті анық көрсетілген. Маңдайша мәтіні мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарыға, орыс тiлiнде оң немесе төменгі жағына орналасып, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттілігіне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Ал қаламыздағы кейбір нысандардағы маңдайша жазуларының тек орыс тілінде жазылатынын да кездестіріп жүрміз. Осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының ойын сұрағанымызда: «Бұрын шағын сауда нүктелерінің маңдайшалары қателерден көз ашпайтын. Қазір уақыт талабына сай дұрысталғаны көрініп тұрады. Орфографиялық, грамматикалық қателердің азайғаны қуантады. Бірақ әлі де тек орыс тілінде ғана жазылып ілінген маңдайшалар көп. Сонда олар мемлекеттік тілді құрметтемей ме деген ойға қаласың», – дейді Бекжан есімді қала тұрғыны.

Майдайшалар мәселесінің мән-жайын білмекке сол саланың маманына жолықтық. Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Әбиірұлының сөзіне жүгінсек, мұндай мәселелер ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес реттеледі. Заңға сәйкес, бланкі, жарнама, хабарландырулар, маңдайшалар, прейскуранттар және т.б ақпараттар мемлекеттік және орыс тілінде жазылады.

Аталған орталық жоспарлы түрде кез келген нысандағы жазулардың сауатты жазылуына, заң талаптарына сай екендігіне профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізе алады. Бірақ тек мемлекеттік органдарға жүргізуге құзіретті. Ал дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлік нысандарға жоспарлы түрде баса-көктеп тексеру жүргізе алмайды. Бұл мәселеге орай ҚР «Тіл туралы» Заңының  25-бабына сәйкес, мекемені тексеру үшін арнайы бекітілген тексеру парағы керек. Сондықтан кәсіпкерлік нысандарға бұл тұрғыда бақылау жұмыстарын жүргізу қиынға соғуда. Бұл мәселе әлі де көтеріліп жатыр. «Тіл туралы» Заңда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жергілікті атқарушы органдарда тексеру құзіреті болғанымен, кәсіпкерлік нысандарына келгенде ештеңеге қауқарсыз. Ал қаладағы ақпараттық жарнамалардың көпшілігі осы жеке кәсіпкерлік нысандарға тиселі. Мағдайшаларда қате бар екендігі туралы шағым түссе, кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жасалады. Бірақ түсіндіру жұмыстарымен ғана шектеліп, ұсыным беруден арыға бара алмайды. Орталық жұмыстарының нәтиже көрсетпей жатқанының да бір себебі осында жатқан сыңайлы. Дегенмен, бас инспектор зерделеу жұмыстары үздіксіз бақылауда екенін айтты.

Маман пікірі

Бақыт ӘБИІРҰЛЫ, Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы:

– Былтыр біз мемлекеттік орган қызметкерлерімен  бірлесіп қаладағы көптеген сауда нысандары мен қоғамдық орындарға маңдайша жазуларына, көрнекі ақпараттарға және мемлекеттік тілде қызмет көрсету деңгейіне бақылау жұмыстарын жүргіздік.  2000-нан аса кәсіпкерлік нысанмен жұмыс істеп, оларға Тіл туралы заңнамаға сәйкес ақпараттар берілді. Көптеген кәсіпкер тәртіп-ережеге бағынып, қателерін жөндеп, тіпті көмекке жүгінгендері де болды. Себебі, біз түсіндіру жұмысы кезінде оларға маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін ақысыз тексеріп, дұрыстап беруге дайын екенімізді айтамыз. Дегенмен, талапты орындамайтындары да баршылық. Бірақ бұл – тоқтауы жоқ процесс. Әлі жасалынатын жұмыс көп. Бастысы, барлығы заң жүзінде iске асырылуда.

АНЫҚТАМА.

Тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес, көрнекі ақпараттарды қамту деңгейін 2020 жылы – 70%, 2021 жылы – 72%, 2022 жылы – 74%, 2023 жылы – 76%, 2024 жылы – 78%, 2025 жылы 80% орындау көзделген.

Айым НҰРМАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *