Мәслихат депутаты сайланды
Серік ЖҰМАБАЕВ
Әуезов ауданының №126 арнайы мамандандырылған мектеп-лицейінде №12 сайлау округі бойынша Алматы қаласы мәслихат депутаттығынан кеткен бос орынға қайта депутаттар сайлау науқаны болып өтті. Осылайша түрлі себептерге байланысты мәслихаттан шығып қалған халық қалаулыларының орнына жаңа үміткерлер сайлануға мүмкіндік алды.
Негізі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мәслихаттарды тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Осы ретте біз қалалық мәслихат депутатын сайлауға арнайы дауыс беруге келген аудан тұрғынымен аз-кем пікірлескен едік.
– Бүгін Алматы қаласы тұрғындары үшін елеулі күн. 25 наурызда Әуезов ауданында №12 сайлау округінде қалалық мәслихат депутаттары үшін сайлау өткізілді. Мен Алматы қаласының депутаттығына лайық деп санаған үміткерге даусымды бердім. Бұл әр Қазақстан Республикасы азаматының құқығымен қатар, ел алдындағы міндеті деп білемін. Азаматтар мен сайланатын депутат арасындағы қарым-қатынас өте тығыз болуы қажет. Осы депутатты сайлар алдында оның бағдарламасымен толық танысып шықтым. Аудан тұрғындарымен кездесіп, ауданның даму жоспарларын тыңдадым. Кездесу барысында үміткер барлық сұрақтарға жауап берді. Аудан тұрғындарымен бірлесіп, көптеген мәселелерді оң шешетініне сенімдімін. Балаларға спорт алаңын көбейтуге үлес қосады деп үміттенемін, – деді аудан тұрғыны Жазира Қонақбаева.
Жалпы, Алматы қаласындағы мәслихаттардың бос орындарына депутаттарды сайлау заң талабына сай жоғары деңгейде өтті. Жергілікті халық та өздерінің үміткерлерін сайлауда үлкен белсенділік танытты. Комиссия мүшелері мен бақылаушылар сайлаудың әділ әрі талапқа сай өтуін қадағалап отырды.
Сайлау қорытындысы бойынша кәсіпкер Ерболат Қасымов Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды.