МӘСКЕУ МЕН ПХЕНЬЯН ҚАТЫНАСЫ
халықаралық саясатқа әсер ете ме?

Бүгінгідей күрделілеу геосаясат жағдайында әлем жұртшылығы Ресей мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасына жәйдан-жәй мән беріп отырған жоқ. Екеуінің экономикалық әлеуеттері әлсіздеу болғанымен, әлдекімдердің қорқыныш пен үрейін туғызатындай қуатты ядролық қарулары бар. Сондықтан басқаны айтпағанда, бұлармен алпауыт АҚШ пен едірең Еуропаның өзі санасуға мәжбүр.
Кешегі сәрсенбіде басталған КХДР (Корей Халық Демократиялық Республикасы) Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Ким Чен Ынның Ресей Федерациясына ресми сапарына әлемдік БАҚ өкілдерінің ерекше назар аударып, егжей-тегжейлі тәптіштей жазуы да тектен-тек емес.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Олардың жазуларынша, Ким Чен Ын бастаған солтүстік кореялық делегация отырған оқ өтпейтін бронепойыз 24 сәуірде Приморье өлкесіндегі шекараны кесіп, жолшыбай Хасан стансасына аялдаған, тоқтаған бойда әсіре сақ күзетшілері қауіпсіздік мақсатында вагонның сырты мен түсер баспалдағын, ұстайтын тұтқаларын мұқият сүртіп, тазалап шыққан. Ұлттық киімдегі бойжеткендері аса құрметті қонақтың алдынан шығып, орыс дәстүріне сай нан-тұз ұсынған. Дәмнен ауыз тиген Ким Чен Ын мен оған еріп жүргендер Хасандағы КХДР тұңғыш басшысы-көсемі Ким Ир Сеннің КСРО-ға келу құрметіне 1986 жылы салынған Ресей-Солтүстік Корея достық үйін аралап көрген.
Кешкі сағат 17.50-де пойыз Владивосток вокзалына табан тіреп, әрі қарай Ын оққағарларымен лимузин жеңіл көлігіне отырып, Орыс аралына жол тартқан.
Айтуларынша, Ким Чен Ынның туған апасы, Корей Еңбек партиясы ОК насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ким Е Чжон мен Мемлекеттік кеңестің хатшысы Ким Чхан Сон Владивосток қаласына ертелеу келіп, саммиттің дайындық жұмыстарын жүргізген.
КХДР басшысының қауіпсіздігі үшін 24–26 сәуір күндері Аякс, Парис және Новик бухталары айлақтарына кішігірім кемелердің келіп тоқтауына тыйым салынған. Және де дәл болмағанымен, Владимир Путин мен Ким Чен Ынның саммиті Орыс аралындағы Қиыр Шығыс федералдық университеті қалашығында өтеді. Мәртебелі мейман Тынық мұхиты флотының штабына барады, нан зауыты мен Қиыр Шығыс океанариумын тамашалайды және Владивостоктағы корей диапорасымен дидарласуы ықтимал дегендей болжам жасалды.
Айта кету керек, бұл Ким Чен Ынның билік басына келгелі Ресейге жасап отырған тұңғыш сапары. Мұны ол талайдан армандап жүрген.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ынның атасы Ким Ир Сен Кеңес Одағына он рет, әкесі Ким Чен Ир Ресейге төрт рет сапар жасап, өз елінің мүддесі үшін пайдалы істер тындырып қайтқан. Үлкен Ким Иосиф Сталинмен жақсы қатынаста болып, соның арқасында Солтүстік Кореяға Кеңес Одағы тарапынан зор экономикалық, әскери және қаражаттық көмектер көрсетілген. Беріде қайта құру кезеңінде КСРО басшысы Михаил Горбачевтің тілін тауып, заманауи жетілген Су-23, Су-29 истребитель ұшақтарын, радарлық бақылау қаруларын ақы-пұлсыз алып қайтқан.
Ким Чен Ир де Ресейге әр келген сапарында бос қайтпай көздеген мақсатын іске асырып отырған. Бірінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласса, екіншісінде Транскорей мен Транссібір темір жолдарын қосу жайын келісіп, соңғы келуінде КХДР-дің 11 млрд. көлеміндегі Ресейге қарызын кешіртуге қол жеткізген.
Бір айта кетерлігі, әкелі-балалы екі Ким де Кеңес Одағы мен Ресейге сапарларын негізінен бронепойызбен жасап отырған. Бұл жолы да сол дәстүр кіші Ким тарапынан бұзылмай, жалғасын тапты.

Әдеттегідей Кремльдің баспасөз қызметі күні бұрын «жоғары дәрежедегі РФ мен КХДР басшыларының кездесуінде екі елдің байланысының өзекті мәселелері, өңірлік ынтымақтастық, Корей түбегіндегі бейбітшілік және денуклеаризация жайы сөз болады» дегендей жалпылама ақпарат таратты.
Бірақ та шындығында биылғы 27-28 ақпанда Вьетнам астанасы Ханойда ортақ келісімге келе алмай күрделеніп тұрған АҚШ–КХДР қатынасының жай-жапсары, Корей түбегін ядролық қарулардан тазартудың алғышарттары мен жолдары, бұл жөніндегі Мәскеудің саясаты мен ұстанымы жан-жақты талқыланып, пікір алмасу болатыны айтпаса да түсінікті еді. Оның үстіне қазіргі таңда Ресей, Солтүстік Корея және Қытай үшеуі де Құрама Штаттармен қайшылықты-текетіресті қатынаста. Сондықтан Пхеньянның Мәскеу мен Пекиннен қолдау мен қуаттау күтетіні қисынды.
Айтпақшы, бұл жолы Солтүстік Корея көшбасшысының шетелдік сапарында үнемі қасына еріп жүретін Корей Еңбек партиясы Ортақ майдан бөлімінің меңгерушісі және ұлттық барлау қызметінің басшысы, КХДР–АҚШ диалогында басты келіссөзші болған Ким Ён Чхоль көрінбеді. Сөйтсек, Yonhap агенттігінің хабарлауынша Ким Чен Ын оны қызметінен босатып, орнына КХДР Азия–Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік комитетінің мүшесі Чан Гым Чхольды тағайындаған көрінеді. Сірә, Ким Ён Чхольдың жұмысына көңілі толмаған тәрізді.
Владивостоктағы Владимир Путин мен Ким Чен Ынның кездесуін жазып көрсету үшін Ресейдің өзінен және алыс-жақын шет елдерден үш жүз БАҚ өкілі және Солтүстік Кореядан сегіз журналист келді.
Алдын-ала келісілген хаттамаға сәйкес саммит Орыс аралындағы Қиыр Шығыс федералдық университетінің кампусында басталып, әуелі Путин мен Ким екі сағаттай көзбе-көз оңаша отырып сөйлесті. Сонан соң оларға екі жақтың делегация өкілдері қосылды. Ресей мен КХДР басшылары бастаған қос тарап ядролық қарусыздану және Корей түбегіндегі жағдайды талқылады.
В.Путин: «Біз мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың тарихына тоқталып, бүгінгі хал-ахуалды да сөз еттік және келешектегі ынтымақтастығымыздың жайын қарастырдық. Корей түбегіндегі ядролық қарусыздандыруды бейбіт жолмен ғана шешуге болады. Басқа тиімді жолы жоқ. Бұл мәселе кейінгі кезде Ким Чен Ынның белсенді әрекетінің арқасында тұрақтанып тұр»,– деді. Сондай-ақ, оның пайымдауынша, Корей түбегінде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін күш көрсетуден гөрі сенім мен түсіністік қажет. Әзірше Пхеньянға халықаралық кепілдік тұжырымдамасының жобасы жасалғанша КХДР, Оңтүстік Корея, РФ, Жапония, Қытай және АҚШ сияқты алты елдің қатысуымен болатын келіссөздер жүргізуге ертелеу.
Ал Кимнің пікірінше: «мұндай кездесу КХДР мен Ресей арасындағы дәстүрлі ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға аса қажет және бүкіл әлем Корей түбегіне көз тігіп отырған шақта шынайы ахуалды түсіну және Пхеньянның ұстанымын білу үшін маңызы зор».
Путин мен Ким кездесуінің қорытындысы бойынша қандай да бір мәлімдеме не келісім-шарт жасалып, құжат қабылданған жоқ. Достық пен ынтымақтың белгісіндей екі басшы бір-біріне сыйлықтар жасады. Путин жолға алып жүруге қолайлы шай сервизі мен қайқы қылыш беріп, Ким қанжар секілді түзу қылыш сыйлады. «Бұл қылыш біздің халықтың шынайы ықыласының белгісі», – деді.
Жұртқа танымал «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, саммитке келген журналистердің бірі мүмкіндікті пайдаланып, В.Путинге Украинаның Луганск және Донецк облыстарының тұрғындарына ресейлік төлқұжаттар берілуі туралы сауал қойған. Оған Ресей президенті: «Мұнда тұрған ештеңе жоқ, бұл арандату амалы емес. Мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар. Мысалы, өзге елде тұратын қандастарына Польша талайдан поляк картасын, Венгрия мен Румыния өз төлқұжаттарын беріп келеді. Ендеше, Украинада тұратын орыстардың поляк, венгр және румындардан несі кем? Мұнда мен қандай да бір өрескелдікті көрмей тұрмын», – деп жауап қатқан.
Саммит аяқталысымен Ресей президенті В.Путин шұғыл Қытайда болатын «Бір белдеу, бір жол» жобасының кезекті екінші форумына жол тартып кетті. Жиынға 37 елдің мемлекет пен үкімет басшылары қатынасады. Онда өткен бес жыл ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алда атқарылар істер мен міндеттер белгіленеді.
Көп уақыт өтпей-ақ, қазірдің өзінде жоғары дәрежедегі Ресей–КХДР диалогі жөнінде журналистер, саясаткерлер, сарапшылар және дипломаттар әр түрлі пікірлер білдіруде. Біреулер: «Мәскеу БҰҰ мен АҚШ тарапынан Солтүстік Кореяға салынған санкцияларды қолдап отырған жағдайда екі елдің диалогынан нәтиже күту бос әурешілік» десе, енді біреулер: «бұл Ресей – КХДР достығының символдық көрінісі» дегенді айтады.
АҚШ-тың Жапониядағы елшісі Уильям Хпгери Вашингтондағы Гудзон институтындағы өткен семинарда: «Ким Чен Ын әлемнің ықпалды көшбасшыларымен кездесіп, диалогтар жүргізу арқылы өз еліне салынған халықаралық санкцияларды жұмсарту әрекетін жасап жатқанын» айтқан. – Біз Ким Чен Ынның Владимимр Путинмен кездесуін көріп отырмыз. Алайда, санкция әлі де күшінде, ол Солтүстік Корея режиміне экономикалық қысым көрсетуде. Бұдан шығудың бір ғана жолы – денуклеаризация», – деген.
Жұрт не десе о десін, қалай дегенмен небәрі 36 жастағы КХДР басшысы Ким Чен Ынның кейінгі кездегі халықаралық қатынаста елінің еңсесін көтеру бағытындағы белсенді іс-әрекетері: АҚШ президенті Дональд Трамппен екі рет, Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инмен үш рет, Қытай төрағасы Си Цзинь Пинмен төрт рет және Ресей президентімен кездесуі оң бағалап, атап өтуге лайық.
Әлемдік саясат, халықаралық қатынас осындай кездесулер мен саммиттер арқылы нығайып, тыныштық пен бейбітшілік күш қолданудан гөрі, келіссөздер мен келісімдер, ымыра мен мәмілелер жолымен қалыптасады.