Мұрағатшылар волейбол ойнады
Архившілер арасында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кубогі үшін турнир өтті

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Салауатты өмір салтын насихаттау, архив мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды күшейту, архившілерді дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кубогі үшін Алматы қаласының мемлекеттік архив қызметкерлері және архив ісінің болашақ мамандарының қатысуымен волейболдан турнир өтті.
Шараның ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Б.Ә.Жапаров пен Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің директоры А.Қ. Ботанов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Жас мұрағатшылар», 2-орынды «Жігер» командасы иеленсе, «Prіde» командасы 3-орынға тұрақтады.
Турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командаларға ҚР Президенті Архивінің кубогі, дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағына «Жігер» командасының ойыншысы Нұрбатырова Раушан мен «Жас мұрағатшылар» командасының ойыншысы Жақсылық Ерлан ие болды.
Айта кетсек, архившілер арасындағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кубогі үшін волейболдан турнир осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.