Мұны басқа ұмытса да, қазақ ұмытпауы тиiс

Биылғы 2011 жылдың мерейтойлар жылы болатын түрi бар. Мысалы, ол бастала салып Азиаданы сәттi ұйымдастырып, өткiздiк. Бұл – елiмiзге абырой әпердi. Алдағы шiлде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мерейтойлық саммитiн өткiздiк. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) жетекшiлiк ету де осы жылы бiздiң үлесiмiзге тидi. Негiзiн араб елдерi құрайтын бұл ұйымның мүшелерiнен тыныштық кетiп тұр. Араб әлемiнде бiрiнен кейiн бiрi төңкерiс болуда. Және оның зардаптары бiрнеше жылдарға созылатыны айқын. Осындай күрделi жағдайда ИЫҰ-ға төрағалық ету де оңайға соқпады. Осы жылғы басты мерейтойымыз – Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы, ұранымыз – «Бейбiтшiлiк пен жасампаздықтың 20 жылы» болмақ. «Ұрпағым тәуелсiз болса екен» деп бостандық үшiн ата-бабаларымыз қанын төгiп, жанын бердi. 300 жылдай аңсаған бостандық пен Тәуелсiздiк қолымызға тидi. Ендi бұл мерейтойды басқаға жалтақтамай, кеуденi кең кере, асқақтап өткiзу керек. Желтоқсан бастала салып көшеге шырша қойып, «Жаңа жыл келе жатыр» деп Иса пайғамбардың туған күнiн еске алатын жарнама iлмей, өзiмiздiң мейрамымызды алдымен өткiзiп алу қажет. Жаңажылдық шырша мен жарнаманы 20-желтоқсаннан кейiн қолға алсақ та көштен қалмаймыз. Әйтпесе, жылдағы әдетiмiзбен желтоқсан бастала салып шырша орнатып, жарнама iлсек, Тәуелсiздiгiмiздiң құны бес тиын болып қалады. Тәуелсiздiгiмiздi өйтiп қорлап тойламай-ақ қойған дұрыс. Қазiр «Қазақстан», «Қазақ елi» аталып жүрсек те, бұның бастауында «Қазақ хандығы» тұр. 1465-1466 жылдары Керей мен Жәнiбек сұлтандар «Қазақ хандығын» құрды. Содан берi «Қазақ елi» деген ат дүниеге белгiлi бола бастады. Кейбiр тарихшыларымыздың айтуынша, «қазақ» сөзi бұдан бұрын да болған көрiнедi. Бiрақ «Қазақ хандығы», «Қазақ елi» деп аталып, мемлекет ретiнде ұйымдастырған Керей мен Жәнiбек хандар екенi дау тудыра қоймас. Қазақ мемлекетiнiң бастауын осы кезеңнен бастасақ, содан берi 545 жыл өтiптi. Демек, оны да ұмытпай, мемлекет көлемiнде атап өткен дұрыс. Қазақ халқының жеке мемлекет болып, жеке шаңырақ құруына зор үлес қосқан тұлғаның бiрегейi – Абылай хан (1711–1781 ж.ж.). Жарты ғасыр аттан түспей, жоңғарға қарсы қол бастап, басқыншылықтан аман алып қалды. Одан кейiн де Қытай мен Ресей сияқты екi алып елдiң ортасында тұрып, саяси сарапшылдығы, дипломатиялық бiлгiрлiгi, майдандағы батырлығы, қазақ халқын бiрiктiре алар қабiлетiнiң арқасында қазақты тәуелсiз ел ретiнде үстем еттi. Әйтпесе, қазiр өз жерiнде бодан болып, Тәуелсiздiк көзден бұлбұл ұшар едi. Олай болса, биыл Абылай ханның туғанына 300 жыл. Мұны да естен шығармай, мемлекет көлемiнде атап өту керек. Бұл – жастардың өз тарихын бiлiп, ардагерлерiн ардақтап, патриоттығын арттыра түседi. Патшалық Ресей құлап, коммунистер өкiмет басына келсе де, қазақ халқының басынан қара бұлт арылмады. Қазан төңкерiсiнен кейiн қазақтың зиялылары мен бетке шығар қаймақтарын сыпырып, бүкiл халықты қырғынға ұшыратты. Соның ең қасiреттi зардаптары – 1921–1922 және 1931–1933 жылдардағы ашаршылық едi. Тарихшылардың есебi бойынша, 1921–1922 жылғы ашаршылықта 1 млн. 700 мыңдай қазақ қырылса, 1931–1933 жылғы ашаршылықта 2 млн. 300 мыңдай қазақ опат болған. Сөйтiп, 20-30-жылдары барлығы 4 млн. қазақ аштан қырылған деп айтылып жүр. Осыншама құрбанға ескерткiш қою мақсатында осыдан 15 жылдай бұрын Алматыдағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерiнiң қиылысындағы шағын ғана аллеяға «Осы жерге 1931 – 1933 жж. ашаршылық құрбандарына ескерткiш орнатылады» деп қазақша, «На этом месте будет установлен памятник жертвам голода 1931 – 1933 гг.» деп орысша жазып, қара тас орнатылған едi. Сол жазумен қара тас әлi тұр. Бiрақ, ескерткiштiң орнатылар түрi жоқ. Одан берi Қазақстанда талай ескерткiш тұрғызылды. Тiптi, Қазақстанда болмаған, қазақ деген халықты өңi түгiлi түсiнде де көрмеген «Битлз» тобын басымызға көтерiп, Алматының Көктөбесiне шығарып, ескерткiш орнатып қойдық. Осы топтың қазiргi көзi тiрi мүшелерi қазақ деген халықтың бар екенiн, өздерiне ескерткiш орнатқанын бiле ме екен? Әйтеуiр, бiз басқаға келгенде көлдеймiз, өзiмiзге келгенде шөлдеймiз. Басқаны әспеттегенде алдыға жан салмаймыз. Өзгенi төрге шығарып, өзiмiз босағада отырамыз. Барымызды бағалай бiлмеймiз. Осы ретте тарихымыздың шуақты күндерi мен қайғылы тұстарын да ұрпаққа дер кезiнде жеткiзу – олардың елiне, халқына деген құрметiн арттыра түсетiнiн неге ойламаймыз? Биыл 1921 жылғы ашаршылыққа – 90 жыл, 1931 жылғы ашаршылыққа – 80 жыл толады. Бұл даталарды да атап өту керек. Ашаршылықтан опат болған 4 млн. қазақ iздеусiз емес. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деген сөз бар. Аруақтарды қадiрлеп, тезiрек ескерткiш қойып, биылғы датаны ұмытып кетпей атап өткен абзал. Бостандық сүйгiш қазақ халқы Тәуелсiздiк үшiн ылғи да сыртқы жаумен аянбай күресiп келдi. Жоңғарлармен жан алысып, жан берiскен соғыстан әбден әлсiрегенде қазақ халқын Ресей отарлап алды. Бiрақ халқымыз онда да басын иiп, мәңгiлiк құл болуды ойлаған жоқ. Патшалық Ресей кезiнде iрiлi-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық күресiн бастан кешiрдi. Солардың iрiлерiнiң бiрi – 1916 жылғы ұлтазаттық көтерiлiсi болды. Көтерiлiске шығуға халық арасында «Июнь жарлығы» негiз болды. Бұл жарлық бойынша 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген едi. Нәтижесiнде, майданға бала бермеуге бекiнген қазақ халқы көтерiлiске шықты. Көтерiлiстiң iрiсi – Амангелдi Иманов бастаған «Торғай көтерiлiсi» едi. Мұндай бас көтерулер қазақ даласының әр жерiнде тұтанып, Жетiсу, Сырдария, Ақмола, Семей, т.б. әкiмшiлiк губернияларда халықтың толқуы орын алды. Әрине, қолдарында сойыл мен шоқпардан басқа қаруы жоқ кiшiгiрiм көтерiлiстер тез басылып тасталды. Басшылары ұсталып, атылды-асылды, тiрi қалғандары жан-жаққа бытырап кеттi. Тек қана Амангелдi бастаған көтерiлiс «Қазан төңкерiсiне» ұласты. Өкiнiшке қарай, билiк ауысқанымен, үстемшiл пиғыл өзгермедi. Әлi күнге дейiн 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi жайлы «жалпы орысқа қарсы реакциялық терiс көтерiлiс» деген пiкiрден арылмай келемiз. Сондықтан да бұл көтерiлiс туралы тарихи әдiл баға берiлмей жүр. Өйткенi, оны дәл көрсететiн, атап өтуге себеп болатын нақты күнi жоқ деп сылтауратамыз. Әрине, қазақ даласындағы бұл көтерiлiс әр жерде, әр уақытта басталды. Дегенмен, олардың бәрiне ортақ бiр датасы бар. Ол – қазақ халқының көтерiлiске шығуына себеп болған 1916 жылғы 25-маусымдағы патшаның «Июнь жарлығы». Ендеше «25-маусым – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс күнi» деп белгiлеуге әбден болады. Биыл бұл көтерiлiске 95 жыл толады. Ал бiрақ мұны еске алып, ескерейiк деген ешкiм байқалмайды. Кеңес кезiнде де қазақ халқы талай әдiлетсiздiк көрдi. Атылды, шабылды, ашаршылыққа да ұшырап, саны азайды. Бiрақ, бұл кезде де үнсiз қалмай, қарсылығын бiлдiрiп отырды. Бiрақ бәрi қатаң тапталып, басылды. Тәуелсiздiкке жеткiзген – 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi болды. Осы Желтоқсанды да «көтерiлiс» деп айтуға ауыз бармай, «оқиға» деп сүмiрейтуге тырысып жүрмiз. Бұған 1996 жылы «көтерiлiс» деп нақты баға берiлгенiн ұмытып та кеттiк. Биыл Желтоқсан көтерiлiсi жiгiттiк жас – 25 жасқа келдi. Осы ретте 17-18-желтоқсанды жақсылап атап өткенiмiз абзал. 1916 мен 1986 жылғы көтерiлiстер туралы айта алмай, айтуға қаймығып жүрмiз. Бұл екi көтерiлiс тек қана қазақ халқының тағдырына әсер еткен жоқ. Ол орыс халқының тағдырына да әсер еттi. Мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң жалғасы – Ресейде «Ақпан төңкерiсiне», одан кейiн «Қазан төңкерiсiне» алып келiп, Ресейдiң капиталистiк даму формациясынан социализмге өтуiне негiз болды. Ал, 1986 жылғы көтерiлiс, керiсiнше, Ресейдiң социалистiк даму формациясынан капитализмге керi қарай кетуiне екпiн бердi.

Назрахмет ҚАЛИ, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close