Жәнібектің жекпе-жегі неге шегерілуде?

Жәнібектің жекпе-жегі неге шегерілуде?
Сурет: Рrosports.kz

WBO Андраде - Әлімханұлы жекпе-жегінің промоутерлік саудасын тағы да кейінге шегерді

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы WBO чемпионы америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) мен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) арасындағы жекпе-жектің промоутерлік саудасына қатысты жаңа шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Рrosports.kz-ке сілтеме жасап

«Пуэрто-Рикодағы COVID-19 індетіне байланысты 160 фунт салмақтағы чемпион Деметриус Андраде мен міндетті қарсылас Жәнібек Әлімханұлы арасында жекпе-жек ұйымдастыруға жөніндегі сауда өтетін уақыт тағы өзгерді. Енді ол жұма күні, 28 қаңтарда сағат 11:00-де WBO-дың Сан-Хуандағы штаб-пәтерінде өтеді», - делінген ұйымның твиттер парақшасында.

Кездесуге арналған аукцион әу баста Бүкіләлемдік бокс ұйымының бас офисінде 14 қаңтарда өтеді деп жоспарланған. Кейін екі тараптың өтініші бойынша іс-шара 20 қаңтарға ауыстырылған еді. Енді тағы да кейінге шегеріліп отыр

Еске сала кетейік, Әлімханұлы Андрадеге міндетті қарсылас ретінде 30 қарашада бекітілді. Оған дейін екі боксшы да нокаутпен жеңіске жеткен болатын. 

Атап айтқанда, Андраде ирландиялық Джейсон Куиглиді екінші раундта нокаутқа түсірді. Ал Жәнібек Әлімханұлы 2021 жылы екі жекпе-жек өткізді. Маусым айында америкалық боксшы Роб Брунтты (26-3, 18 КО) сегізінші раундта жеңсе, қарашада француз Хассан Ндам Нжикаммен (38-6, 21 КО) жұдырықтасып, оны да сегізінші раундта нокаутқа жіберді.