Алматы көшелерін қоқыстан жаппай тазарту жұмыстары жүргізілуде

Алматыда коммуналдық қызметтер коменданттық сағаттан басқа уақыттарда штаттық режимде жұмыс істеп жатыр
Бұл туралы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Оның айтуынша, 8 қаңтарда қоқыс шығару ұйымдары аула аумақтары мен жеке тұрғын үйлерден қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын бастады.
Оған 200-ден астам техника мен 700 жұмысшы жұмылдырылды. Қазіргі жағдай бойынша 10,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
«9 қаңтардан бастап «Алматы Тазалық» кәсіпорын мен мердігер ұйымдар мегаполистің көше-жол желісін тазарту бойынша жаппай жұмыстар ұйымдастырды. Оған 500-ге жуық арнайы техника мен 1600 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бүгінде 667 тонна қоқыс шығарылды», - деді спикер.
Сондай-ақ құтқару қызметінің 93 жұмысшысының күшімен және 45 бірлік арнайы техниканы қолдана отырып, тәртіпсіздік барысында зақымданған 100 бірлік автокөлік, сондай-ақ ірі көлемді қоқыс пен қираған экопосттар шығарылды.