«ҰЛТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – МIНЕЗДЕН»

Тәуелсiздiкке – «тәу етер жалғыз киемiзге» (Ә.Кекiлбаев) – биыл 20 жыл толады. Осы бiр тарих үшiн қас-қағым сәтте тұңғыш Президентiмiз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлеуметтiк, экономикалық, саяси мәселелерде, ел iшiлiк бiрлiктi нығайтуда, Қазақстан Республикасының халықаралық мәртебесiн арттыруда толайым табыстарға қол жеткiздiк.

Бұл мәдениет пен бiлiм салалары үшiн де – бұлтартпас шындық. Кезiнде кәрлен кеседей қолымыздан сырғып түсiп кете жаздаған талай ұлттық құндылықтарымыз, рухани қазынамыз қайта оралуда. Тарихи жадымыз жаңғырып, ана тiлiмiз, салт-дәстүрiмiз төрге озуда, халықтық тәлiм-тәрбиенiң iнжу-маржандары ел игiлiгiне айналуда.

Бiр ғана мысал. Халықтық педагогиканың қалыптасуы мен дамуын және оның заманауи тәрбие жүйесiнде қызмет етуiн зерттейтiн жас ғылым – қазақ этнопедагогикасы өз әдiснамасы, теориясы бар ғылымға, оқулығы стандарттары бар оқу пәнiне, арнайы бағдарламалары бар мектептер мен басқа да тәлiм-тәрбие орындарының күнделiктi iс-тәжiрибесiне айналды.

Бұл — көптеген отандық ғалымдарымыздың iргелi де қолданбалы зерттеулерiнiң нәтижесi. Сол ғалымдар шоғырының iшiнде бүгiнде алпыс жасқа толып отырған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жантөреқызы Қожахметованың жұлдызы жоғары.

Этнопедагогиканы нақтылы этностың этностық тәрбие ерекшелiктерiн зерттейтiн ғылым деп санайтын ғалым Қазақстанда этнопедагогикалық бiлiм дамуының жаңа бағытына жол салды. К.Ж. Қожахметова «Қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдiснамалық негiздерi» тақырыбындағы докторлық диссертациясы (1998ж), сол жылы жарық көрген «Қазақ этнопедагогикасы: әдiснама, теория және практика» атты iргелi ғылыми еңбек – монаграфиясында қазақ этнопедагогикасының әдiснамалық негiздерiн анықтады, құрылымдық-қисындық үлгiсiн түзiп, оның мәнi, мазмұны, түрлерi, әдiстерi мен құралдарын негiздедi. Ұстаз — ғалым этнопедагогикалық бiлiмнiң даму келешегiн зерттеп, бұл iстiң басты өзегi бiрiктiру мен даралау болатынын көрсеттi. Жалпы, ерекше, жеке туралы философиялық категорияларға сәйкес тиiсiнше педагогика, этнопедагогика  және қазақ этнопедагогикасының өзара қатынасын зерттедi, халық педагогикасы мен әлеуметтiк педагогиканың байланысына сипаттама бердi. Әдiснамашы ғалым этностық тәрбие теориясы мен этностық дидактика, этнос субъектiсi мен этностық мәдениет субъектiсi туралы терең тұжырым жасады.

Елiмiзде бiлiм берудiң ұлттық үлгiсiн қалыптастыру, қазақ этнопедагогикасының дамуында К.Ж.Қожахметованың белгiлi ғалым, профессор С.А.Ұзақбаевамен бiрлесе отырып әзiрлеген «Жоғары мектеп студенттерiне этнопедагогикалық бiлiм беру тұжырымдамасының» (1998) рөлi зор болды.

Авторлар мұғалiм даярлауда этнопедагогикалық бiлiм берудiң мақсаты ұлттық сана-сезiмдi, өз халқының тарихына, мәдениетi мен дәстүрiне бiртұтас көзқарас қалыптастыру болуға тиiс деп есептейдi. Ол үшiн педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу жоспарына «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ этнопедагогика тарихы» негiзгi бейiндiк оқу пәндерi, сондай-ақ қазақ этнопедагогикасының тәрбиелiк мүмкiндiктерiн терең игеру мақсатында өз қалауы бойынша «Қазақ музыкалық мәдениетi», «Балаларды тәрбиелеудегi қазақ қолданбалы өнерi», «Қазақтың шешендiк өнерi», «Эстетикалық тәрбиедегi қазақ халық билерi» және т.б. факультативтер, арнаулы курстар енгiзу орынды деп санайды. Маңызды теориялық құжатта этнопедагогикалық бiлiм беру мазмұны және оны дамыту келешегi кеңiнен қарастырылған.

К.Ж.Қожахметова соңғы он жыл бойы «Өзiн-өзi тану» рухани – адамгершiлiк бiлiм беру республикалық жобасымен терең де жүйелi түрде айналысуда. Жобаның мемлекеттiк стандарттарын жасауға, оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдарын жазу, талдау, пiкiр беруде, арнайы қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргiзуде жан-жақты бiлiмiмен де, ыждахатты iстерiмен де, ұлттың болашағына деген үлкен жауапкершiлiк, жанашырлық көзқарасымен де ғылыми ортаға, педагогтық көпшiлiкке кеңiнен танымал ғалым.

Ұлттық мектебiмiздiң бүгiнi мен ертеңi, халықтық тәлiмнiң зерттелу жайы мен, өмiрге енгiзiлу деңгейi қазақ этнопедагогикасының тағы басқа өзектi проблемаларын үнемi назарында ұстайтын ғалым қашанда бұл мәселелерге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды, өз пiкiрiн ашық, батыл бiлдiредi, керек кезiнде батырып айтады. Клара Жантөреқызының қаламынан шыққан кiтап, мақаланың қай-қайсысы болмасын бұған дәлел бола алады. Ғалымның қатысуымен өткен бiрнеше халықаралық, республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияларда, семинар, «дөңгел үстел» басындағы пiкiр таластарда ұлттық тәрбие, ана тiлiмiз, төл мәдениетiмiзге байланысты айтылып қалатын сыңаржақ пiкiрлерге, үстiрт көзқарастарға, кейде бой көрсететiн құлдық құлыққа жаны ауыра тойтарыс берiп, рухани байлығымызды қызғыштай қорғағанына бiрнеше рет куә болдым.

Өз басым К.Ж Қожахметованың: «Қазақ мектебi «ұлттық» деген атқа лайық болуы үшiн, қоғамның оған қоятын әлеуметтiк сұранысын ескере отырып:

—         тәрбие барысында ұлтымыздың мәдени-тарихи мұрасының жалпыадамзаттық мұрамен сабақтастығын сақтау;

—      мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн жан-жақты терең игеретiн жаңа тәрбие мазмұнын қалыптастыру;

— мектептiң тәрбие жүйесiнiң негiзiн қалауда ұлттық педагогика идеяларын басшылыққа алу керек,»- деген ойларымен толық келiсемiн. Осы жерде Ш.А.Амонашвилидiң «Грузин тiлiнде сабақ жүргiзетiн мектептердiң бәрiн бiрдей ұлттық мектеп деуге болмайды, бұлардың нағыз ұлттық мектеп болуы үшiн онда грузин халқының рухы болуы тиiс,»-деген тамаша пiкiрi ойға оралады.

К.Ж.Қожахметова ұлттық тәлiм-тәрбиенiң жанашыры әрi жаршысы ретiнде республикалық ғылыми-әдiстемелiк «Бiлiм беру жүйесiндегi этнопедагогика. Этнопедагогика в системе образования» атты журнал шығарады, 2005 жылдан берi осы басылымның бас редакторы. Журнал мұғалiмдер, оқытушылар мен ғалымдар үшiн iздеп жүрiп оқитын басылымға айналды. Бүгiнгi таңда ол Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Бiлiм және ғылым саласындағы бақылау комитетiнiң тiзiмiне ендi. Бұл – журналдың беделiнiң жоғары екенiн көрсетедi, әрi жас iзденушiлерден бастап белгiлi ғалымдарға шейiн өз еңбектерiн осы басылымға беруге деген ынтасын арттырады.

К.Ж.Қожахметова 1951 жылы 11 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Ащысай кентiнде дүниеге келген. 1974 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогтiк институтын химия және биология пәнiнiң мұғалiмi мамандығы бойынша тәмамдаған.

Клара Жантөреқызы ғылымға ұлағатты ұстаздық мамандықтың барлық сатысынан өтiп, қыр-сырын әбден меңгерiп барып келген ғалым. Ол Батыс Қазақстан облысында, Алматы қаласында аға тәлiмгер, химия пәнiнiң мұғалiмi, мектеп директорының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары, республикалық бiлiм жетiлдiру институтында әдiскер қызметiн атқарды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттiк педагогтiк институтының аспирантурасы (1985-1989 ж.ж) және докторантурасында (1994-1996 ж.ж) бiлiм алды. Ғылымдағы жолы Республикалық бiлiм жетiлдiру институтында зертхана меңгерушiсi, кафедра меңгерушiсi, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ бiлiм академиясында тәрбие мәселелерi институтының директоры, Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогтiк университетiнiң ғылым және халықаралық байланыстар жөнiндегi проректоры қызметтерiнде жалғасты.

Ғалым Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық  «Болашақ» бағдарламасының степендиаты, бiрнеше iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеу жобаларының грант иегерi. Солардың iшiнде «Мультимәдени ортадағы бiлiм» атты халықаралық бағдарламаның шеңберiнде өткен «Қазақстанда көпэтникалық жағдайдағы полимәдени бiлiм» ғылыми жобасы үшiн халықаралық «Сарос – Қазақстан» қорының,  «Тәрбиесi қиын балалармен әлеуметтiк – педагогикалық жұмысты ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету» тақырыбындағы ғылыми жобасы үшiн халықаралық «ЮНИСЕФ» қорының грант иесi екендiгiн айтсақ та жеткiлiктi.

Осы бiр жүзiнен парасат нұры төгiлген, барша болмысынан ұлт мiнезi, атойлап, қазақы қасиет аңқыған ұлағатты ұстаз-ғалымды көргенде Алаш ардақтысы Ә.Бөкейхановтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету — бiлiмнен емес, мiнезден»,- деген сөзi еске түседi. Халықтық тәлiм-тәрбиенi терең түсiнген, бойына сiңiрген Клара Жантөреқызы айтыс десе iшкен асын жерге қояды, шешендiк өнердi жоғары бағалайды, гүл өсiргендi ұнатады, Ақжайықтың перзентi ғой, суға жүзгендi жақсы көредi. Жұбайы – ұстаз әрi қаржыгер Қожахметов Шабай Қайырқожаұлы екеуi бiр ұл, бiр қыз өсiрiп, бес немере сүйiп отыр.

Белгiлi ғалым К.Ж.Қожахметова – педагогика ғалымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық академияның, Халықаралық педагогикалық бiлiмдер ғылым академиясының, Қазақ педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесi. Клара Жантөреқызының ғылыми жетекшiлiгiмен 4 докторлық, 21 кандидаттық диссертация қорғалды, сөйтiп бүгiнгi күнi елiмiзде профессор К.Ж.Қожахметованың ғылыми мектебi де  халыққа қалтқысыз қызмет етуде.

Жұмағали НАУРЫЗБАЙ,

профессор

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *