LRT желісі Төле би көшесі арқылы өтеді

LRT желісі Төле би көшесі арқылы өтеді
nur.kz

Жеңіл рельсті трамвай (LRT) желісі жобасын жүзеге асыру шешімі келесі жылы қабылданады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Әуезов ауданының тұрғыны әкіммен кездесуде Алматыда LRT желілерін салу мәселесі көптен бері айтылып жүргенін жеткізді.

«2010 жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Мен оның қаншалықты өзекті екенін білгім келеді. Төле би көшесінің бойындағы трамвай рельстері әлі толық алынған жоқ», - деп сұрады тұрғын Алматы әкімінен.

Ерболат Досаев Төле би көшесі бойындағы LRT жобасы қаланы дамыту жоспарына енгізілгенін атап өтті.

«Жақында Мемлекет басшысы Павлодарда Алматы трамвайына қатысты ойын білдірді. Біз қаланы дамыту жоспарына енгізген жаңа жоба – бұл төмен еденді трамвай типті LRT. Келесі жылдың көктемінде жобаның құнына қатысты түпкілікті шешім қабылдаймыз. Төле би көшесінде LRT болады. "Саяхат" автовокзалынан желілерді қосып, Ақсайға дейін созу қала үшін өте маңызды. Біз жерді сатып алу жұмыстарын жалғастырамыз. Келесі жылдың көктемінде жобаның қалай жүзеге асатынын айтамын», - деді Ерболат Досаев.