Жеделсатыны қиратқан қарағандылық жазаланды

Жеделсатыны қиратқан қарағандылық жазаланды
Cурет: Tengrinews.kz

Азамат 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынбақ

Тұрғын үй кешенінің бірінде лифтті қиратқан қарағандылық он тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ұсақ бұзақылық туралы іс Қарағанды қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотта оқиға Қарағандыдағы Сарыарқа көшесіндегі №6 үйдің лифтінде болғаны анықталды.

Лифт істен шығып, тоқтап қалғаннан кейін құқықбұзушы мамандарды күтпестен, өзін агрессивті ұстап, лифт есігіне зиян келтірген, кейін ішінде орнатылған бейнебақылау камерасын бұзуға тырысқан. 

«Өзінің іс-әрекетімен ол айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзды. Сотта ол кінәсін мойындады. Оның әрекетін іс материалдары, бейнебақылау камерасынан бейнежазба және тағы да басқа айғақтар растайды», - деп хабарлады Қарағанды қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі өкілдері.

Істі қарау нәтижелері бойынша, тәртіп бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.