Әлемдік іріктеу турнирі өтпейді

Бокс

Халықаралық олимпиялық комитет бокстан Токио–2020 іріктеу турнирі өткізілмейтінін жариялады. ХОК-қа мүше ұлттық олимпиялық комитеттердің бәрі осындай хабарлама алды.

Енді 2021 жылдың мамыр айында Париж (Франция) қаласына жоспарланған әлемдік іріктеу турнирі өтпейді. Бұл сында спортшыларға 53 жолдама (ерлер арасында – 32, әйелдер арасында – 21) тарату көзделген еді. Енді бұл жолдамалар төрт аймаққа (Африка, Америка, Азия/Океания, Еуропа) теңдей бөлініп беріледі.

Жолдама мынадай шартпен таратылады: бір квота (нақты адамға арналған) әр аймақта, әрбір салмақ дәрежесінде иеленіп отырған рейтингіне байланысты, әлі іріктеуден өтпеген спортшыға беріледі. Яғни олимпиада жолдамасын иелену үшін спортшы әлемдік рейтингте жақсы позицияда болуға тиіс. Мұндағы таңдау құрлықтық іріктеу кезеңінің және соңғы 4 жыл бойғы халықаралық жарыстардың нәтижесіне негізделеді. Күні бүгінге дейін құрлықтық іріктеу сындары Азия/Океанияда және Африкада ғана өткізіліп үлгерді. Америка құрлығында іріктеу – мамыр айына, Еуропада маусымға жоспарланған еді.

Рейтингке сүйенсек, Токио олимпиадасында әйелдер арасында Надежда Рябец (75 келі) ғана сынға түсуі мүмкін. Ол олимпиада жолдамасын Азия чемпионатында жеңіп алды. Басқа спортшылар рейтингте төменгі сатыларда тұр. Не болса да аймақтық іріктеу турнирлерінің қорытындысынан кейін қазақстандық боксшы қыздарға олимпиада жолдамасы бұйыратыны немесе бұйырмайтыны нақты белгілі болады.

Ерлер арасында сегіз салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық боксшылардың бәрінде жолдама бар. Яғни оларға әлемдік іріктеу турнирінің өтпей қалуы еш әсер етпейді. Токио шаршы алаңында Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.

 Естен САБАЛАҚ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close