Лай көшкіні: Текелі жұрты 5 жасар бүлдіршінді мәңгілік мекеніне шығарып салды

Лай көшкіні: Текелі жұрты 5 жасар бүлдіршінді мәңгілік мекеніне шығарып салды
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Жанбота тұрған баспананы лай толық шайып кеткен

15 мамыр түскі сағат 12-ден асқан уақыт, Текелі қаласындағы Қонаев көшесін бір сәтте лай көшкіні басып қалды.  Шаһардың келбетіне нұқсан келгені былай тұрсын, бүтін бір отбасының шам-шырағы жанбай жатып сөнді. Бүгін кішкентай періштенің мүрдесін Текелі жұртшылығы жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Марқұм, Сырымбет ауылына жерленді.

Табиғи апаттың салдарынан үйдің сүт кенжесі Жанбота Тілеуханова көз жұмды. 5 жасар ойын баласы, лай көшкіні шайып 
кеткен үйіндінің астында қалған. Баланың денесін еріктілер мен құтқарушылар жабылып іздегенімен 6 сағаттан соң Алматы облысы ТЖД «Багира» атты қызметтік ит тауып берген болатын.  Қапияда бір қарлығаш мәңгі мекеніне қанат қағып кете барды, артында  ботам-ай, деп  ата-анасы мен 12 жасар әпкесі қалды. 

Естеріңізге саламыз, толассыз жауған жаңбыр салдарынан тау көшкіні орын алып, арты лайға айналған. Нәтижесінде 5 бірдей үй бүлінген, соның ішінде Жанбота тұрған баспананы лай толық шайып кеткен еді. Бүгінде болашағын ән әлемімен байланыстырғысы келген бүлдіршін де, біраз жыл пана болған үйдің де орны жоқ. 

Текелі қаласының басшылығы алдағы таңда апаттың кесірінен үйсіз қалған отбасыларға көмек көрсететінін жеткізуде.

«Бізде қазір 4 үй бұзылып тұр. Оның техникалық жағдайын көрдік. Үйді сатып береміз ба, саламыз ба заңға сәйкес, комиссияның шешіміне қарай қарастырамыз»,- деді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.

Жергілікті әкімдік Жанботасын жоқтап отырған жанұяны баспанамен қамтамасыз етеміз дейді. Алайда, ендігі жерде  әке мен ананың, әпкенің көңіліндегі қаяу мен өкініші  сейілмесі анық. Бұдан былай үйлерінде жанының жалауына айналған Жанботаның жарқын даусы естілмейді.

Қазіргі кезде, көшкіннен бүлінген қала келбетін қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Ол үшін ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің 100 қызметкері мен  7 бірлік техника   жұмылдырылған. 16 мамырдағы жағдай бойынша  890 текше метр  балшық шығарылып, 81 рейс жасалынған. Қазіргі таңда Қонаев көшесі лайдан тазартылды. Қалпына келтіру жұмыстары 1-2 күнде аяқталады деп күтілуде.

Хош, қаланың келбеті қалпына келер. Ал, қызғалдағынан  көз жазған отбасы қалыпты өміріне орала алады ма? Қайткенмен, бір үйдің бір шырағы қайтадан жанбайды.