Латын әліпбиіне көшу тоқтамайды – Ерлан Сайыров

Латын әліпбиіне көшу тоқтамайды – Ерлан Сайыров
Cурет: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға барынша жауапкершілікпен қарау керек

Латын әліпбиіне көшу тоқтап қалмайды. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың пікірінше, Президент Құрылтайда қазақ тіліне қатысты өте орынды мәселе көтергенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv –ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан ары қарай латын қарпіне ауысу байыппен жалғасатынын жеткізді. Мемлекет басшысы да кириллицадан латын әліпбиіне тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайтынын айтқан болатын.

«Қазірге дейін кіргізген модельдердің барлығы халықаралық стандартқа латынның өзінің логикасына сәйкес келмей жатыр ғой. Сондықтан бұл мәселе консервация емес, керсінше, ыждаһаттылық керек. Ертең латын әліпбиін енгізгеннен кейін жаңа проблема болмайындай жан-жақты қарастырып, тезірек шешудің амалын айтып отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Ал депутат Аманжол Әлтаев Президент айтқан еліміздің жаңа тарихын жазу керек деген ұсынысын құптап отыр. Өйткені оның пікірінше, ұлт тарихы түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Бұл бағытта жас ұрпаққа шынайы тарихты жеткізетін тарихшылардың мойнында үлкен міндет тұр деп санайды.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кеңес үкіметі кезіндегі тарихымыз ұланғайыр болса да, пышақтың қабындай ғана оқулығы бар халықпыз ғой. Сондықтан тарихтың әлі зерттелмеген, зерттеуді қажет ететін ақтаңдақ беттері көп. Тарихтың әрбір кезеңдеріне біз нақты баға беріп, шындық – тәуелсіз Қазақстанның көзқарасымен зерттелуі өте маңызды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев.