Көптілділік – заман талабы

Көптілділік – заман талабы
almaty-akshamy.kz

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Көптілділік заманауи білім берудің басымдықтарының бірі ретінде: жағдайы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция қазақ, орыс, ағылшын, француз, өзбек, ұйғыр тілдерінде өтті.


Конференцияның мақсаты – республиканың білім беру мекемелерінде көптілділікті енгізу бойынша мәселелерді сындарлы талқылау және тәжірибе алмасу. Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан серіктестер  – ЕҚЫҰ АҰЖК, ЮНЕСКО, АҚШ Елшілігі, СДУ, Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы, Алматы қаласының білім басқармасы,  Алматы қаласының Француз альянсы.
Конференцияға АҚШ, Украина, Моңғолия, Тәжікстан, Франция, Германия, Өзбекстан елінің жетекші университеттері мен Ғылым академиясының өкілдері қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінің модераторы – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Раиса Садвакасова: «Біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кездесіп отырғанымызды қуанышпен атап өтуге болады – бұл қазақ халқы үшін ең маңызды мереке! Біздің мемлекет көп ұлтты, 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Барлық этностың тең қатар өмір сүруі, ұлтаралық бірлік,  этностардың тілдік құқықтарының сақталуы, білім алу және шығармашылық қажеттіліктерді жүзеге асыру үшін тілді еркін таңдауды қамтамасыз ету – еліміздегі тіл саясатының өзегі. Тілдерді меңгеру арқылы жаңа білімге қол жеткіземіз», – деп атап өтті. 

Пленарлық мәжілісте сөз алған конференция қонақтары – ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азия білім беру бағдарламасының Білім беру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы-консультанты Атанасия Стоянова, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Қонырова және Тәжікстан, Монғолия,  АҚШ-тың жетекші университеттері мен Ғылым академиясының өкілдері баяндама жасап, еліміздің тіл мамандары, ғалымдар мен ұстаздар конференция аясында өзекті мәселелерге айрықша тоқталып өтті.

Тәжікстан өкілдері Тәжікстан Білім академиясының вице-президенті Ирина Каримова және Абдурахман Джами атындағы Тәжікстан білім академиясының Білім беруді дамыту институтының аға ғылыми қызметкері Барно Хакимова өз сөздерінде ұлттық тілде оқытылатын мектептердегі көптілділік бағдарламалардың ерекшеліктерін атап өтті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры Негматжан Альметов өз баяндамасында «жаңашылдық» санатынан «жаппай тәжірибе» санатына көшу, үштілді білім беру бағдарламаларын дамытудың жаңа тетіктерін іздеу және енгізу туралы пікірін ортаға салды.

Сонымен қатар, моңғолиялық әріптестер: доктор (Ph.D) Ухнаа Туя, Педагогикалық даму орталығының ғылыми қызметкерлері Хийс Гансух және Заубай Зульмира өз сөзінде көптілді білім беруге қатысты сараптамалық жұмыстарының нәтижелерін баяндаса, Алматы қаласының А.Розыбакиев атындағы №153 мектеп-гимназиясының директоры Шавкат Умаров өзі басшылық жасайтын ұжымның жұмыс тәжірибесімен бөлісті. 
Сөз кезегінде ЮНЕСКО-ның тәуелсіз сарапшысы, PhD, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының доценті Сәуле Зейнолла халықаралық деңгейдегі ауқымды жиынға қатысушыларды тіл мәселелері бойынша ынтымақтастыққа шақырды.