Көп балалы аналарға жәрдемақы тағайындау тәртібі жеңілдетілді

Көп балалы аналарға жәрдемақы тағайындау тәртібі жеңілдетілді
Сурет: Pavlodarnews.kz

Жәрдемақыны тағайындауда мемлекеттік қызметті  проактивті форматта алу мүмкіндігі аналарды кезекте тұрудан құтқарды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау бойынша қызметті проактивті форматта алу тәртібін жеңілдетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Көп балалы аналардың еңбегін атап өту және лайықты бағалау үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтайды және алқа иелері тиісті мемлекеттік жәрдемақы алады. Көп балалы аналардың уақытын үнемдеу мақсатында министрлік 2019 жылдан бастап осы жәрдемақыны тағайындау бойынша мемлекеттік қызметті проактивті форматта алуға мүмкіндік берді. Бұл әйелдерді кезекте тұрудан құтқарды, олар мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы уақытта және кез келген жерде алады. Көрсетілетін қызметті алушы бір ғана SMS хабарламаға жауап бере отырып, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім береді және банк шотын растайды. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті басқа да мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен түседі», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Жеңілдетілген тәртіп мемлекеттік жәрдемақыны проактивті форматта тағайындауды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Осы өзгерістердің арқасында 2021 жылы проактивті қызмет алған көп балалы аналардың саны екі еседен астам – 9 мың адамға дейін өсті.