Көлік комитеті «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді

Көлік комитеті «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді
Сурет: ҚР ИИДМ телеграм каналы

Бұл акция жарты жылда бір рет өткізіліп тұрады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық органдары 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 17 рет «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Аталған министрліктің телеграм каналы хабарлағандай, акцияның мақсаты – көлік  жүргізушілерінің құқықтарын, көліктік бақылау жүргізу тәртібін, елдің көлік заңнамасын бұзғаны үшін тасымалдау процесіне қатысушылардың міндеттері мен жауапкершілігін түсіндіре отырып, автожолдардағы тасымалдаушылармен әңгімелесіп, кездесу.

Шара барысында автомобиль көлігі саласындағы ҚР қолданыстағы заңнамасына түсініктемелер мен кеңестер беріліп, өңірлік және республикалық БАҚ-та жарияланады.

Жалпы, бірінші жартыжылдықта көліктік бақылау органдары 13 883 бұзушылық анықтап, 555,7 млн. теңге жол жүру алымдары мен әкімшілік айыппұл салды.