Көлшік көлге айналатын болды

Көлшік көлге айналатын болды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алатау ауданындағы Шыңқожа батыр көшесіндегі су жиналған шұңқыр күннен-күнге ұлғайып келеді.

Алматы қаласы Алатау ауданындағы көшеге су құбырлары жүргізіліп, жол салынған, алайда құрылыс жұмыстары сапасыз болып шыққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

Алатау ауданындағы Шыңқожа батыр көшесіне 2019 жылдың аяғында су құбырлары жүргізіліп, жол салынған еді. Сол кезде көше тұрғындары жағдайымыз жақсаратын болды деп  бөркін аспанға атып қуанған болатын. Алайда тұрғындардың бұл қуанышы ұзаққа бармады.

Өткен жылы әлгі жүргізілген құбырдан су кетіп, сол маңай кәдімгідей көлшікке айналған. Салынған жол да аяқсыз қалды. Құбыр жарылғанда ауыл тұрғындары дабыл қағып, құзырлы орындарға хабарласып та көрген. Алайда көпшіліктің өтініші әлі күнге дейін орындалар емес. Жұмысты сапасыз жүргізген мердігер компаниялардың үстінен әкімшілікке шағымданғанмен, ештеңе шықпай отыр.  Бүгінде су жиналған шұңқыр күннен-күнге ұлғайып келеді.

«Ит пен бала қорыған жерге өш» демекші, ауыл балалары тура сол жерге барып ойнайтын болды. Бірде болмаса, бірде үңгіп аққан судың ұңғысы үлкейіп, балалар суға түсіп кете ме деп алаңдап отырмыз. Айтыңыздаршы, бұл жұмыстарға жауапты кім, кімге шағымданамыз?», – дейді ауыл тұрғындары.