Көлде суға батып бара жатқан жасөспірімге алматылық құтқарушылар көмектесті

Көлде суға батып бара жатқан жасөспірімге алматылық құтқарушылар көмектесті
Сурет: Алматы қаласының ТЖД

Мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.

Алматы қаласының ТЖД, 109 құтқару қызметінің құтқарушылары, полицейлер мен еріктілер қаланың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

18 шілдеде кешкі 17-де Сайран көлінің жанында туыстарымен демалып отырған 16 жасар Р-ның аяқ киімін толқын 15 метр қашықтыққа алып кетті. Жасөспірім аяқ киімін қайтару үшін бірден суға сүңгіді. 

Кенеттен аяғының астындағы жерді сезінбеген бала бойын үрей басып, суда тұншыға бастады. Бұл уақытта 109 қызметінің құтқарушылары жағалаудан жас жігіттің батып бара жатқанын көріп, құтқару шеңберін лақтырып, уақытында көмек көрсетті. Олар суға батып бара жатқан жас жігітті жағалауға, қауіпсіз жерге жеткізіп, ата-анасына аман-есен табыстады. Медициналық көмек қажет болмады. 

Қаланың су қоймаларында демалушылар қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамай, оның соңы көбінесе қайғылы жағдайларға әкеліп жататынын атап айтқан жөн. 

Қаланың су айдындарында жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында ТЖД, ПД қызметкерлері, 109 қызметінің еріктілері мен құтқарушылары патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. 

«Демалыс күндері Сайран көлінде ҚР ӘҚБК 440-бабына сәйкес патрульдеу кезінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 26, 30, 36 жастағы үш ер адамға айыппұл салынды. Олардың барлығы су айдынында алкогольдік мас күйінде болған, ал 5 адам тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін ӘБ туралы ҚРК 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған»,– делінген Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Халықпен алдын алу жұмысында ТЖД белсенді көмекшілері «Лидер кз», «Қазақстан Еріктілер лигасы» еріктілері бірге жұмыс жасауда. Екі күн ішінде 300-ден астам суға шомылуға келушілермен түсіндіру әңгімесі өткізіліп, шомылу кезіндегі қауіпсіздік жадынамалары таратылды.

 ТЖД Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.