Көкшетауда 72 жастағы зейнеткердің пәтерінен екі машина қоқыс шығарылды

Көкшетауда жалғызбасты зейнеткердің пәтерінен екі самосвал қоқыс шығарылды. Қарияның өзі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қаласы полиция басқармасының №4 учаскелік полиция пунктіне Теміржол көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындары жүгінген.

«Облыс орталығы тұрғындары қарт әйелдің пәтерінде антисанитариялық жағдай орнауына байланысты көрші тұратын зейнеткерге шара қолдануды сұрады»,-деп атап өтті ведомстводан.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру үшін Ақмола облысында полиция жұмысының сервистік форматын қамтамасыз ету бөлігінде комиссияның осы мекен-жайға шығуын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

Жұмыс тобының құрамына полицейлерден басқа, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары кірді. Тексеру барысында факт толығымен расталды.

«Облыс орталығының 72 жастағы тұрғыны егде жасына және денсаулық жағдайына байланысты пәтерді тиісті деңгейде ұстай алмағаны анықталды. Тұрғын үйде жәндіктер мен кеміргіштердің пайда болуына, сондай-ақ жағымсыз иістің шығуына ықпал ететін көптеген тұрмыстық қалдықтар табылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы аясында Көкшетау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық жиналған тұрмыстық қалдықтарды жинап, кейіннен санитарлық бақылау қызметі үй-жайды дезинфекциялады.

Бөлмені тазарту үшін самосвал қолданылды. Нәтижесінде екі машина қоқыс жиналды. Қазіргі уақытта пәтер тұрғыны ауруханаға жатқызылып, ем алуда.