Кәсіподақтар федерациясы жұмыскерлер мен жұмыс берушілерді екпе алуға шақырды

Кәсіподақтар федерациясы жұмыскерлер мен жұмыс берушілерді екпе алуға шақырды
Сурет: Kasipodaq.kz

Жұмыс орындарында вирустың таралуын тоқтату және жұмыскерлердің қорғалуын қамтамасыз ету қажет.

Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация мәселесі бойынша үндеу жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Кәсіподақтар федерациясының үндеуінде күллі әлемде, соның ішінде біздің елімізде де коронавирус инфекциясының кесірінен дағдарыс болғаны айтылған. Сонымен қатар құжатта пандемия еңбек нарығына кері ықпал етіп, толық емес жұмыспен қамтудың артуына және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне, кәсіпорындардың жабылуына, еңбек табысының азаюына, еңбек қауіпсіздігі және еңбек құқықтары саласында жаңа сын-тегеуріндерге алып келгені туралы айтылған.  

«Осы жағдайда кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің алдында тұрған маңызды міндет – өндірістік әлеуетті сақтап қалу. Жұмыс орындарында вирустың таралуын тоқтату және жұмыскерлердің қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеде ел тұрғындарын вакцинациялау маңызды құрал болып табылады. Вакцинация – бұл пандемияны тоқтатудың, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің, жұмысшылар мен олардың отбасыларының денсаулығын қорғаудың жалғыз жолы», – делінген үндеуде.

Елде вакцинация алғысы келетіндердің барлығына ақысыз вакцинация алуға және ауыр індеттің таралуына жол бермеуге жағдай жасалған.

«Біз жұмыскерлерді өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына қамқорлық танытып, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеу үшін COVID-19 қарсы вакцина алуға шақырамыз»,– деп жазылған құжатта.