Кәріс халқының дәстүрлі бейнелеу өнерінің көрмесі Ұлттық музейде ашылды

Кәріс халқының дәстүрлі бейнелеу өнерінің көрмесі Ұлттық музейде ашылды
Сурет: Qazaqtv.com

Мәдениетте шекара жоқ.

Елімізде тұңғыш рет кәрістердің дәстүрлі бейнелеу өнерінен сыр шертетін көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық мұражайда орын тепкен «Сумукхва монологы» атты экспозицияда корейлік қылқалам шеберлерінің ұлттық материалдарға сиямен салынған кескіндемелік туындылары қойылған. Барлығы 28 еңбек – аталмыш елдің әр өңірінен жиналған үздік жұмыстар.Табиғаттың әсем көріністері көрініс тапқан туындыларда жаһан жаратылысының философиясы секілді барша адамзатқа ортақ тақырыптар қозғалады.

Мұнда дәстүрлі Шығыс Азия үлгісінің заманауи мәнермен үндескен кескіндемелерді тамашалауға болады.

«Бұл бастапқыда «сумукхва» стилі бірегей корей материалдарда басқа түстерді қоспай-ақ, қара сия мен қылқалам арқылы салынған еді. Ол қағаз бетіндегі сызықтар мен бос кеңістіктерге назар аудартады. Ішкі рухани әлем жарық реңктері мен қара сия арқылы көрінеді. Кейін бұл мәнер жетілдіріліп, үшке бөлінді. Екінші түрі «тамчехва» қара сиямен салынғанымен, басқа түстермен сәл боялған және «чесекхва» ашық түстермен салынып, контурлары қара түспен боялған. Яғни түстік шектеулер бар», деді Корей мәдени орталығының директоры, Ли Херан.