Күзгі көңілсіздіктен арылу үшін...

Күзгі көңілсіздіктен арылу үшін...
Сурет: Studizba.com

Тамақтануыңызға көңіл бөліңіз, дейді мамандар.

Жыл мезгілдерінің ауысуы кейде көңіл-күйдің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Міне, күздің екінші айы аяқталып келеді. Ауа райының салқындауы кейде адамның жанын жабырқатып, бойын көңілсіздік билейтін кез болады. Бұл  ғылыми тілде  меланхолия, апатия деген атаулармен таныс жағдай болатын. Адам эмоциясы мен ауа-райы арасындағы бұл табиғи байланыс маусымдық аффективті бұзылыс (СAР) деп аталатын жағдайға айналып кетуі мүмкін, күзгі блюз немесе қысқы депрессия деп аталады. Күзгі көңіл күйдің құбылмалы болуына күн сәулесінің азаюы, иммунитеттің төмендеуі, күннің кеш шығып, ерте батуы сияқты факторлар да әсер етеді.

АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд клиникасының психологы Сюзан Альберстің айтуынша, СAР әдетте күзгі және қысқы айларда қайғылы немесе депрессиялық сезім ретінде көрінеді. Симптомдары депрессияға ұқсайды, бірақ одан гөрі жеңілдеу және маусым өзгерген кезде жоғалады.

СAР жағдайына ұшыраған адамда мынадай белгілер болуы мүмкін:

қайғылы немесе депрессиялық сезім;

мотивацияның жоғалуы;

ұйқының бұзылуы;

тәбеттің болмауы;

назар аудару немесе зейінін шоғырландыру қиындықтары;

энергия деңгейінің төмендеуі.

СAР белгілерімен күресудің бір жолы тамақтануды өзгерту болуы мүмкін. Төменде Сюзан Альберс ұсынатын күзгі көңілсіздіктен арылтуы мүмкін тағамдардың тізімі берілген.

Омега-3 май қышқылдарына бай тағамдар

Лосось балығы, жұмыртқа және жаңғақ сияқты тағамдар көңіл-күйді көтеретін омега-3 май қышқылдарына бай.

 Даршын

Даршынның қандағы қант деңгейін реттеуге көмектесетіні клиникалық түрде дәлелденген.

Талшықты тағамдар

Ғалымдардың пікірінше, депрессияның кейбір түрлері қабынудан туындауы мүмкін, сондықтан талшыққа бай тағамдарды (жемістер, тұтас дәнді дақылдар және көкөністер) СAР жағдайындағы адамдардың тағамына қосу керек, өйткені оның қабынуға қарсы қасиеттері бар.

Ашытылған тағамдар

Ішегінде «зиянды бактериялар» көбейген адамдардың депрессия мен мазасыздыққа ұшырау қаупі жоғары, сонымен қатар «бақыт гормоны» серотонин өндірісінің 95% мида емес, ішекте болады.

«Пайдалы бактериялар» деңгейін арттыру үшін сіз пробиотиктерді ішіңіз немесе тұздалған қияр, йогурт, комбуча және ашытылған қырыққабат сияқты ашытылған тағамдарды жеуге болады.

Тамырлы көкөністер

Тәтті картоп сияқты талшықтар мен дәрумендерге бай тамырлы көкөністер ағзада баяу ыдырайды және қандағы қант деңгейін тұрақты ұстауға көмектесетін күрделі көмірсуларға бай. Пияз, қызылша және сәбіз сияқты басқа тамырлы көкөністер де күзгі диетаға жақсы қоспалар.

Серотонин деңгейін жоғарылататын тағамдар

Сюзан Альберстің айтуынша құрамында триптофан бар тағамдар – жаңғақтар, жұмыртқа, ірімшік, күркетауық, ананас және лосось балығы сияқты өнімдер серотонин деңгейін жоғарылатады.