Күзде қазақстандық оқушылар толықтай мектепке оралады

Күзде қазақстандық оқушылар толықтай мектепке оралады
Сурет: Vera.kz

Мектеп мұғалімдері түгел вакцина салдыруға міндетті.

Жаңа оқу жылында қазақстандық оқушылар толықтай мектепке оралады. Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Пандемия кезінде оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай білім сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан, өткен оқу жылында жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек. Мұның бірден бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу екені анық. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай еместігін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.