Зағип жандар салған суреттер көрмесі ашылды

Зағип жандар салған суреттер көрмесі ашылды almaty-akshamy.kz

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Мен жүрегіммен көремін» атты ерекше көрме ашылды. Ерекшелігі сонда, онда қойылған суреттер зағип жандардың қолынан шыққан.


«Бұл жоба көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін жандардың өміріне ғана назар аударуға емес, сонымен бірге біздің әлемнің сұлулығына ерекше тәнті барлық адамның мәңгілік өнерге деген махаббатына арналған», –  дейді бірегей көрмені ұйымдастырған якут суретшісі Марика Андреева.


Біз, яғни көзі көретін адамдар ақпараттың 80%-ын көру арқылы қабылдайды екенбіз. Ал зағип жандарда басқа сезімдер мен түйсіктер ерекше дамыған. Қараңғылық оларды сыртқы әлемнен айырғанымен, өздерін шынайы естуге мүмкіндік береді деседі. Оларды алаңдататын артық ештеңе жоқ. Сондықтан олар өзінің жан дүниесіне алаңсыз саяхаттай алады дейді зерттеушілер.



«Мен жүрегіммен көремін» әлеуметтік жобасына бұрын якуттық азаматтар қатысып жүрген болатын. Кешегі көрмеде олардың қатарына өзіміздің Ардан Ғалымұлы да қосылды. Оның Қастеев музейі төрінен орын алған суреті «Еркіндік» (холст, май) деп аталады екен. Шығармашылыққа жақын жігіттің көзі көрмесе де, спортта да өз биігін бағындырып жүр. Ол голболмен (көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтіндерге арналған, құрамында үш ойыншы болатын спорттық ойын) айналысады. Әлеуметтік желіде жиі көрініп жүрген белсенді блогер. Көрмеге оның шашбауын көтеріп келіншегі Томирис те келді. «Мен – Арданның көзімін, ал ол – менің жүрегім» деген Томиристің жарын да, оның әрбір қадамын да құрметтейтіні көрініп тұрды.



Сондай-ақ, бірегей әлеуметтік көрмеде якутиялық зағип жандар – Илья Смертиннің «Табиғатын», Валерий Корниловтың «Автопортретін», Иннокентий Кононовтың «Шабындық» туындысын, Сахая Данилованың «Күннің батуы» шығармасын, Мичил Моисеевтің «Арманын» тамашаладық.



Олар бұл туындыларында өздерінің әлемге деген көзқарасын, оны іштей қалай көретінін және сезінетінін көрсете білген. Өнер арқылы олар өз ойын, арманын жеткізуге тырысқан. Әрбір туынды зағип жандардың өзіне ғана белгілі басқа шындықта өмір сүретін адамның ішкі әлеміне тарта отырып, көрерменнің  терең сезіну түйсігін тудырады.


Жоғарыда аты атылған зағип жандар туралы берер сөз айта кетсек дейміз. Мәселен, Сахая Данилова өмірге көз ақауымен туған екен. Өкінішке орай, оның дертінің алдында медицина дәрменсіз болып, көру қабілеті біртіндеп нашарлай беріп, қазіргі уақытта мүлдем көрмей қалған. Тағдырына мойыған Сахая жоқ,  тарих факультетін бітіріп, мамандық игеріп шықты және жеңіл атлетикамен, үстел теннисімен айналысып жүр. Ол «Күннің батуы» деп атаған картинасында ұясына қонып бара жатқан күннің шапағына таңданып тұрған отбасын бейнелепті. Сахая отбасын құруды армандайды. Рухты қыздың арманына жететініне сенеміз.



Ал 16 жасқа толған сәтінде «Табиғатты» бейнелеген Илья Смертиннің арманы тіпті ерекше және сізді тебірентпей қоймасы анық. Ол жарық дүниеге зағип болып келген. Дегенмен «арманыңыз қандай?» деген сауалға «мені үнемі қамқорлыққа, жылылыққа бөлеп жүретін анашымның жүзін бірер секундқа болса да көру» деп жауап берген. Ильяның «Табиғат» картинасына сылдырлап ағып жатқан өзен, жағасындағы жасыл желекті ағаштар, суға әбден шайылған тап-таза тастар бейнеленген.



«Автопортрет» иесі Валерий Корнилов та қара жаяу емес, сурет салудан тыс, «Егор оқуларында» өнер көрсетеді. Ал «Шабындық» иесі Иннокентий Кононов көзі көрмесе де өз қолымен үй тұрғызған жан.




Көрме аясында алматылықтар өзгеше форматта ұйымдастырылған концертті де тамашалады. Концерт алдында көрермендерге қара түсті көзге таңатын таңғыштар таратылып, олар музыканы көздері байланған күйі тыңдады. Таңғажайып бұл эксперимент көпшілікке ұнаған секілді. Сөйтіп ұйымдастырушылар зағип суретшілердің картиналарымен қатар, дыбыстың, музыканың, иістің және басқа да иммерсивті компоненттердің көмегімен өнерге толықтай ену мүмкіндігін жасауға ұмтылғандай. Иә, жиналған жұрт музыкалық аспаптан төгілген әуендердің қараңғылықта мүлдем басқаша естілетінін, ерекше қабылданатынын айтып жатты.



Ал біз өз кезегімізде ерекше жандардың өздерінің әлеміне үңілуге мүмкіндік бергені үшін, жүректерінің ашықтығы мен тазалығы үшін алғыс айтамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:26

17:34

17:09

17:02

16:13

15:56

15:45

15:40

13:55

13:53

13:53

13:47

13:05

12:40

12:22

12:20

12:18

12:14

12:12

11:51

11:39

11:08

10:53

10:50

10:49