Ұл ұятымен, қыз қылығымен ардақты

Ұл ұятымен, қыз қылығымен ардақты almaty-akshamy.kz

Қазақты сан мыңдаған дәуірден бері сақтап тұрған рухани діңгек


 


Ата-бабамыз өзінің өмір салтына өте берік болған. Жай түсіп, жау шауып жатса да, ізгіліктен айнымаған. Сыйлау мен сыйласа білудің қадірін ұғынған. Артық қылықты ағаттыққа балаған. Соның нәтижесінде ел абыройын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаған.


Қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова «Батыс заңға, шығыс дінге бағынады, ал қазақ «ұят болады» қағидатын биік қойған» дейді. Расында, сайын даланың төсінде жартылай көшпелі ғұмыр кешкен көшпенділер әр нәрсенің астарын терең білген.


Әлем халықтарының дәстүр-салты сан түрлі. Әрқайсысында құндылық та әрқилы. Батыс елдері заңда жазылмағанның бәрін жасайтын көрінеді. Одан аттаса, сотталатынын біледі. Ол жазаның өтеуі өте ауыр болады. Сөйтіп, абақтының арғы жағынан бір-ақ шығуы ықтимал. Олар соны ойлайды. Медальдің екінші жағы да бар. Заңда жазылмағанның барлығына назар аударады. Тіпті, шектен шығып, оғаш қылыққа барады. Өйткені, ол жақта «адам түгілі, жан-жануардың» құқығы қорғалған. Кейде асырып-ақ жібереді. Арғы жағы айтпаса да түсінікті.



Дүние бір қызық тылсым ғой. Шығыс халықтарының таным-түсінігі өзінше бір ерекше. Таяу шығыс халықтарын мысалға келтірейік. Шығыс – дінге қатты мойынсұнады. Қасиетті кітаптағы жазылған қағиданы бұзса, күнәға батады деп ұғады. Мұның өтеуін бақи дүниеде тартады деп сенеді. Сондықтан діннің айтқанына бағынып, күн кешуді құп көреді. Мұнда да ойланатын нәрсе көп. Бұл әлемде  нәзік жандылар мен баланың жүріп-тұруына байланысты шектеу байқалады. Бүркену, тұмшалану, оқшаулану сынды нәрселер көзге ұрып тұрады. Бәріне топырақ шашпаймыз, дегенмен шындығы солай.



Дүниеде көшпенді ғұмыр кешіп, батыс пен шығыс мәдениеті мен  өркениетіне батыр бабаларымыз үлкен үлес қосты. Осы ретте дана халқымыздың да өз дүниетанымы айрықша. Қазақ «өлімнен де ұят күшті» дейді. Қандай ғажап сөз десеңізші. Сонымен бірге, «қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» салған. Сонда қазақ халқының дәстүрлі ғұмыр салтында «ұят» ізгі іс саналады. Бұны бәрінен биік әрі жоғары қойып тұр.


Осы күні ұятты жиып қоятын жағдайға жеттік. Күнделікті қайнаған тіршілікте ар-иба қалып бара жатқан сияқты. Осындай өзекті рухани мәселені көтеріп, оқырманға ой түрткі салуды жөн көреміз.


 


ҰЛЫ ҰҒЫМ


Жаһандану дегеніміз – жұтылу. Бәріміз заманға сай болуға тырысамыз. Қиналып күн кешуден жалыққандаймыз. Қажыған адам жеңіл қаражатқа құмар. Қайда мол табыс, сонда мойын бұрамыз. Алғашқы кезекте материалдық құндылық алға шығады. Мәселенің байыбына бармаймыз. Кісіге күйе жағылса да, бейқамбыз. Лажы болса, өзіміздің қара басты күйттейміз. Арасында адалдықты ысырып қоямыз. Жығылғанға жұдырық болғанша, түзейік. Қолдан келсе, демейік. Бұл – адамзатқа ортақ алтын мінез!


Баяғыда біреу айтқан екен «адамдар қайда асығып бара жатқанын білсе, асықпас еді» деп. Шынында да, қауырт қимылдаймыз. Бүгінде «адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме екен», ол жағын кім білсін?! Біздіңше, екеуінде де өзгеріс сезіледі. Қысқа ғана ғұмырда тып-тыныш күн кешкенге не жетсін!


Кейде бес күн жалғанда мәңгі ғұмыр кешетін сияқтымыз. Ара-арасында «қолдан келсе, қоныштан басуға құштармыз». Бір күн сыйласып жүрген адам ертеңіне өзгереді. Басыңа сәл іс түссе, оны таппайсыз. Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді. Осы ұғым қайда қалды. Оны да ешкім елемейді. Бүгінгі құндылық ақшада емес, адамгершілікке сусап тұр.



Қоғамды түзейтін – адам. Демек, адам барлық бейсаналы мақұлықтан жоғары. Біз ойлай аламыз. Бойымызда сезу қабілеті бар. Қуанамыз, күлеміз, мұңаямыз. Бізден басқа ешбір тіршілік иесі мұндай қасиетке ие емес. Ендеше, жансыз, сезімсіз, қатыгезге айналмайық. Біздің ғасыр жасаған әжеміз болды. Сол кісі үнемі «бұрынғының бәрі ертегі» дейтін. Соны неге жиі айтады деуші едім. Сөйтсем, сыйластық сарқылып, айла алға шыққандығын меңзеген екен ғой. Осыны енді түсінудеміз. Әлі талай нәрсені түсінеріміз хақ. Тек ауыр тимесе екен дейміз де!



Аспаннан жай түсіп жатса да, адамгершілік дейтін ұлы ұғым жоғарыда болғай. Сол биіктен құлдилаудан сақтағай. Дүниені құтқаратын осы бір ұғымның аясы кең қанат жайса дейміз.


 


ҰЯДА НЕ КӨРСЕ...


Қазір ауыл да, қала да бір болып бара жатқан сияқты. Бұрын ауылдан келгендердің ұяты күштірек сияқты-тұғын. Бүгін бұл ескірген сияқты. Дала мен қала айырмашылығы шамалы ғана болып қалды. Қазақылықты сақтайтын рухани дүние молаймай, ілгерілеу қиын.



Біз, тілшілер қауымы, сәл нәрсені елейміз. Қоғам өмірі көңілге түрлі ой салады. Бірде Абай даңғылына қарай беттеп барамын. Қонаев көшесімен көтерілдім. Айнала жүйткіген көлік. Түстен кейінгі кез еді. Адам қарасы көбейе бастаған болатын. Қала қарбалас. Бір сәтте бәріне үлгеруді ойлаймыз. Кешіксең, айыпты болатындай күй кешесіз. Ойда сан түрлі іс қабатталған. Сөйтіп, бағдаршамға жақындадым. Құманғазы мен Қонаев қиылысына жеттім. Жаяу жүргінші жолында қыз бен жігіт тұр. Екеуі де қазақтың ұл-қызы. Қыз сұр түсті ашықтау киім киген. Шаш белге төгілген. Әдемі келген ару екен. Жігіт қара-көк күрте киіпті. Бойы ұзын. Шашты замани етіп, толқындатып қойыпты. Өздері сондай жарасымды. Бірақ осы сұлулықты оғаш қылықтары бұзды. Әлгі жерде ел-жұртты елемей, аймаласып тұр. Е-е... жолдың арғы бетіне өтуге асығар емес. Жаяу жүрген, көліктегі кісіге қарауға ыңғайсыз. Барып бұларың не деп айтуға болар еді-ау. Солай айтсаң «сенің не шаруаң бар, менің құқығым» деп өре-түрегелері анық. Іштей қынжылып, өте шықтық. Осындай «әттеген-айлар» қаптап жүр. Мұндайға да бір тыйым болуы керек шығар.



Ел арасында «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Тобықтай сөзді шөкімдей оймен жеткізіп тұр.


 


ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС


 Халық даналығы «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейді. Осы күні өз құндылығымызға бет бұрып келеміз. Қанша заманауи болғымыз келсе де, өткенді ұмытпайық. Қазақта «Өткенді ұмытсаң, болашақ саған тас атады» деп тәмсілдейді. Тегі рас сөз.


Қазақстан – жас мемлекет. Нағыз елең-алаң шақтамыз. Бір жағынан жаһандану, екінші тұсынан діни көзқарас, үшінші жақта ата-діңгек, ұлттық болмысты сақтау керек болып тұр. Ел ішінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деседі. Өзімізге қажеттісін алып, қажетсізін қалдыратын кез жеткен шығар. Кейде ұят деп, ақиқаттан аттаймыз. Қысылып-қымтылып, артық жүк байлап аламыз. Болмашыға бас шұлғимыз. Қисынсызды қисынды етеміз. Алаш ардақтысы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» атты өлеңі көзімізге шалынды.


Өлеңде:


«...Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп»,  –  дейді.


Ақынның осы бір ойлары талай сырды аңғартады. Кісінің көңіліне келмеу, адалдықтан аттамау, біреудің еңбегін жемеу сияқты, т.б. толып жатыр.



Қазіргі таңда бәрі алғыр. Бала үлкендерден ақылды сияқты. Бәрін іштен біліп туғандай. Кез келген нәрсені жақсылыққа бұрсақ екен. Қазыналы қариялар институты болса, жасы келген кісілер оғаш киініп, тым артық қылыққа бармай, кішіге үлгі көрсетсе дейміз. Дәл қазір ұрпақты бұзылудан сақтайтын кез. Білгірлер «ұл бұзылса отбасы, қыз бұзылса ұлт бұзылады» депті. Сөзге тоқтайтын, ұяттан аттамайтын қаракөздеріміз көп болса деп тілейміз. Әркім өз ісін қылса. Сонда жас та, жасамыс та бақытты ғұмыр кешеді.



Біз дүниеге үлгі болуымыз шарт. Еуразия континентінде билік құрған дархан бабалар жолын сақтап, ізін суытпауымыз қажет. Оны сақтайтын  – ұлттық рух, болмыс және ұят. Бұл ғаламда ұяты күшті ұлттың алар асуы алда болады деп ойлаймыз.


 


ТҮЙІН:


Антон Чехов «Жақсы адам иттің алдында да ұятты сезінеді» дейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы дер едік. Заман қанша құбылса да, жер шарын тауысып, ғарышты игерсек те – ұяттан айнымайық. Өйткені, ұят - адамзаттың жолбастаушы шамшырағы.


Біздің ниетіміз - қазақы болмысты сақтау. Жастар өз шыққан тегін білсе, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет қылса, одан артық бақыт жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:52

19:12

19:06

18:56

17:51

17:43

17:35

16:58

16:13

16:07

15:49

15:42

15:35

13:05

12:58

12:58

12:57

12:43

12:30

12:16

12:05

11:59

11:50

11:19

10:53