Таулы Қарабақ: Кавказдағы саяси дағдарыс

Таулы Қарабақ: Кавказдағы саяси дағдарыс almaty-akshamy.kz

    БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізді


    19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта «антитеррористік операция» бастады. Ол туралы Әзербайжан Қорғаныс министрлігі мәлімдеген болатын. Мәлімдемеде Таулы Қарабақта «конституциялық құрылысты» қалпына келтіреміз делінген. Көп ұзамай Кавказ аймағындағы саяси дағдарысқа байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Отырыс Армения тарапының жазбаша өтініші бойынша 21 қыркүйекте өтті. Армян билігі Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі Франция арқылы отырыс өткізуді ұсынған еді. Алайда, бұдан олар күткендей нәтиже шыққан жоқ. Себебі, халықаралық құқық пен әділдік Әзербайжан тарапында еді.


     


    Қауіпсіздік Кеңесіне кімдер жиналды?


    21 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 9422-отырысы өтті. Басты тақырып – Таулы Қарабақ. Ресми отырысты өткізейік деп бастама көтерген Франция. Армения БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Франция мемлекетінің ресми өкіліне осындай өтініш білдірді. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын шақыру туралы ережеге сәйкес Кеңестің төрағасы тұрақты мүше болып саналатын кез келген елдің өтініші бойынша отырысты шақыруға міндетті. Мұндай механизмді, яғни рәсімді Армения тарапы қолданды. Францияның АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Қытай секілді Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екені белгілі. Себебі, бұл мемлекеттер атом қаруына заңды иелік етуші, екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болып саналады, әрі жеңімпаз ұлы державалар ретінде БҰҰ-ның құрылуына негіз болды.


    Ал Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы кім? Ережеге сәйкес әр мүше ел бір ай бойы төрағалық етеді. Оның шешім қабылдауда еш құзіреті жоқ, яғни формальды қызмет. Қыркүйек айында Албания кеңестің тұрақты емес мүшесі ретінде төрағалық етеді. Тамыз айында АҚШ тұрақты мүше ретінде төрағалық етсе, қазанда Бразилия бұл қызметті атқарады.


    21 қыркүйекте өткен отырысқа 5 тұрақты мүше-ел мен тұрақты емес Жапония, Мальта, Мозамбик, Швейцария, БАЭ, Албания, Бразилия, Эквадор, Габон, Гана мемлекеттерінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілдері қатысты. Отырысқа сонымен қатар, Түркия және ЕО-тың өкілдері қатысты.


    Сөз сөйлегендердің ішінде Франция, Ұлыбритания, Қытай, Бразилия, Эквадор, Албания, Ресей, Түркия және ЕО өкілдері бар. Отырыстың басты себебі – Таулы Қарабақтағы Әзербайжан қарулы күштерінің ұйымдастырған «антитеррористік операция».


     


    Арменияның қалауы іске аспады


    Армения билігінің Таулы Қарабақтағы дауды өз пайдасына шешу мақсатында  Қауіпсіздік Кеңесін пайдалануы сәтсіз аяқталды. Отырыста сөйлеген түрлі мемлекеттің өкілдері өз баяндамасында Әзербайжанның әрекетін сынады. Алайда, қорытынды резолюция түгілі, ортақ мәлімдеме де жасалған жоқ. Яғни отырыс формальды өтті. Құқықтық бекітілген құжат қабылданбады. Қеңестегі негізгі құжат Резолюцияны ешқандай тұрақты мүше-ел ұсынған жоқ. Демек, отырысты ұйымдастыруға себепші болған Францияның өзі дипломатиялық құрмет ретінде ғана Армения тарапының өтінішін жерге тастаған жоқ. Өзге мемлекеттер де даулы мәселеде нейтралитетті ұстанды.


    Кеңесте сөйлеген мемлекеттердің өкілдерінің 3 түрлі мәселеде ойлары бірдей болды. Жоғарыда атап өткен әскери операцияны айыптау, ал екіншісі Лашын дәлізін ашу туралы. Қатысушылардың барлығы Армения мен Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындап, Таулы Қарабақ тұрғындарының құқықтарын қорғауға келісті. Сондай-ақ, дауға қатысушы Армения мен Әзербайжанның өкілдері 21 қыркүйекте кездесетіні туралы келісімге келген.


    Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Әзербайжанның басты мақсаты – Қарабақта этникалық тазалау жүргізу деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Қауіпсіздік Кеңесі даулы мәселеде қол қусырып отырған. Сонымен қатар, Таулы Қарабақта Армения әскерлерінің жоқ екенін айтқан.


    Оның сөздерімен Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Жейхұн Байрамов келіспеген. Оның айтуынша, 2020 жылы болған 44 күндік соғыстан кейінгі «оқ атуды тоқтату» туралы келісімде Армения әскері Таулы Қарабақтан кетуі керек болған. Алайда, ол іске асқан жоқ.


    ЕО-тың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғарғы өкілі  Жозеф Барель Әзербайжанды Лашын дәлізін ашуға және қарабақ армяндарының құқықтарын қорғауға шақырған болатын. Айта кететін жайт, Жозеф Барель бастаған ЕО осы уақытқа дейін де екі тарапты бітімге келтіруге тырысқан. Бітімгерлік істе ЕО Мәскеу мен Анкарамен иық тіресе әрекет етуде.


    Ресейдің өкілі отырысқа қатысқаны түсінікті, ал Түркияның оған қатысуына қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Басты себеп – 2020-2021 жылдары болған әскери қақтығыс. Сол оқиғадан кейін Таулы Қарабақта ресей-түрік бірлескен мониторингтің орталығы құрылған болатын.  Орталықтың басты мақсаты оқ атуды тоқтату туралы келісімнің орындалуын бақылау. Яғни келісімнің шарттары бұзылса, оларды тіркеу. Ресей тарапы бір жағынан ресейлік бітімгерлік күштер оққа ұшқанын, екінші жағынан саяси мәселеде Арменияның Таулы Қарабақты Әзербайжанның аумағы екенін мойындағанын еске салды. Түркия өкілі де Әзербайжанды қолдап, олардың «антитеррористік операцияны» жүзеге асыруға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Себебі, Армения тарапы келісімді орындамаған.


     


    Тарихи әділдік орнады


    Жалпы, Таулы Қарабақ бірнеше ғасырға созылған даулы мәселе.  Әсіресе, Кеңес Үкіметі ыдыраған тұста қайта өршіді. Оған Кеңестік кезеңдегі екі ел аумағын бөлу кезінде жіберген қателік себеп болған. Тарихи тұрғыдан Әзербайжан жерінде армян этносының демографиялық өсіміне байланысты дау туындаған. Бұл жерде БҰҰ-ның екі қағидасы арасындағы қайшылық болды. Бірі –  халықтардың өзін-өзі айқындауы, екіншісі – мемлекеттің аумақтық тұтастығы. Таулы Қарабақта армян этносы көп болғандықтан, Армения бірінші қағиданы негізге алып әрекет еткен. Ал Әзербайжан аумақтық тұтастықты қолдады. Нәтижеде екінші қағида басым түсті. Қазақстан да сыртқы және ішкі саясатта аумақтық тұтастық пен бөлінбеушілік қағидасын ұстанады. Осы дауға қарап ұстанымымыздың дұрыс екеніне көзіміз жетеді.


    «Аlmaty-akshamy», №114 (6407) 26 қыркүйек, 2023 жыл




     


     

    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнайды
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    19:52

    19:12

    19:06

    18:56

    17:51

    17:43

    17:35

    16:58

    16:13

    16:07

    15:49

    15:42

    15:35

    13:05

    12:58

    12:58

    12:57

    12:43

    12:30

    12:16

    12:05

    11:59

    11:50

    11:19

    10:53