Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала барысы  

Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала барысы   историиземли.рф

Биыл Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының тумасы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осынау мерейтойға дайындық өткен жылы басталып кеткен еді. Екі елге ортақ тұлғаны Мысыр мен Қазақстан бірдей ұлықтап, бұл іс-шараны лайықты атап өтуге әзірлік жасап жатыр. Таяуда Қазақстанның Мысырдағы елшілігі Бейбарыс сұлтанның мерейтойына қатысты нақты іс-жоспарлар жасалғаны туралы хабарлады. Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп Үкіметті Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын жоғары мазмұнды деңгейде өткізуге шақырған болатын.


Өткен жылдың қыркүйегінде Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Азһар уни­вер­ситетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған болатын. Кездесу барысында Мем­лекет басшысы келесі жылы Сұлтан Бейбарыстың туға­нына 800 жыл толуына орай мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каир­дегі Сұлтан Бейбарыс меші­тін қайта жөндеуге үлес  қосаты­нын айтты. Сондай-ақ, Әл-Азһар университетінде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізілмек. Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Рақымжан Отар­баевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанады. Мысыр тарихының мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдеріндегі энциклопедиясын жарыққа шығару да жос­парда бар. Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары шығарылады.



Қазір Қазақстан қалаларының біріне, елді мекендердің көшелері мен алаңдарына, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылып жатыр. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз, Түркістан қалаларында мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.



Мысыр тарапы Қазақстан Республикасының Ұлттық му­зейіне мәмлүктер дәуіріндегі жәді­герлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартпақ. Барлық жоға­ры оқу орындарында Сұлтан Бей­барыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференция­лар мен симпозиумдар өткізу, бұл іс-шараларға мысырлық және араб мәмлүктанушы ғалымдарын шақы­ра отырып, Сұлтан Бейба­рыс­тың тұлғасын ұлықтау ісі жалға­сады. Х.Дос­мұ­хамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүк­терін зерттеу орталығы мен мұра­жай ашу, Ақтау қаласында Сұлтан әл-Мансур Қалауын кешені үлгісінде мешіт салу мәселесін зерттеу қолға алынбақ.



Каспий жағалауында «Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала елінің барысы» атты театрлық қойылым ұйымдастыру жоспарланып отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңір­лік университетінде «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты Ор­та­лық Азия және араб тарих­шы­лары­ның ғылыми симпозиумын өт­кізу де атқарылатын шаралар тізімінде. 2023 жылдың шілде айының бірін­ші жексенбісінде, яғни Дом­быра күнінде «Сегіз ғасыр жырлай­ды» атты мәдени іс-шара ұйым­дас­ты­ры­лып, жыршылар мен мысырлық ауыз әдебиеті майтал­ман­да­ры­ның даңқ­ты Сұлтан Бейба­рыс пен бас­қа мәм­лүктер туралы «Ба­тыр­лар жыры» фольклор кеші өтеді.


Сұлтан Бейбарыстың 800 жыл­дығы шеңберінде көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбе­гілік, асық, аударыспақ секі­лді көшпелілердің ұлттық ойын­­дары­ның халықаралық турнир­­лері ұйымдастырылмақ. Халық­­аралық түркі мәдениеті ұйымы­­ның қолдауымен Түркі­с­тан қаласындағы тарихи-мәдени алаңда «Сұлтан Бейбарыстың Ұлы далаға оралуы» атты арт-фес­ти­валь өткізу де жоспарға енді.


Қарапайым құлдан - мемлекет билеушісіне дейін


Сұлтан Бейбарыс (1223–1277) – түркі әулеті Бахриден шыққан мәмлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Шыққан тегі – қыпшақ. Кейбір деректерде оны  Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулерде Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екені анықталды. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, Алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.



Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп, ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.



Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек Айюби әулетінің соғыс бастаған кезде Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мәмлүк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ержүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп, ол әд- Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Билік басына келісімен Бейбарыс бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынады. Бұдан кейін Кіші армения патшалығына (1267 ж.) Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.


Жазба деректерге қарасақ, Бейбарыс 1223 жылы моңғолдар ойрандаған Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Жетім қалған жас бала өзге де тұтқындармен бірге мысырлық сол кездегі курд текті сұлтаны Салих Наджм ад-Динге сатылған. И.М.Фильштинский еңбектеріне қарағанда жас батыр әуелі Сириядағы әскери мектепте оқығаннан кейін, мәмлүк жасақтарына жазылады. Әл-Мансур деген жерде болған алғашқы шайқаста-ақ ол ерлігімен көзге түскен.



Крест тағушыларды талқандағаннан кейін Бейбарыс өзінің, негізгі қарсыласы Туран шаһ пен бақталасы Құтұзды да тақтан тайдырған. Бейбарыс үкімет басына келген тұс моңғолдардың 1258 жылы Бағдадты қиратып, Аббастан тараған халифалар әулетінің бірқатарын дарға асып үлгерген кезі болатын. Солардың тірі қалған біреуі соңынан Шамға қашып кеткен. Оны сол жерден Бейбарыс Мысырға алдырып, 1261 жылы әл-Мустансир деген атпен халифа етіп жариялаған. Сол жаңа халифаның қолынан өзі де сұлтан лауазымын алған.


Бейбарыс енді Машриқ елдерін жаулап алып, Мысырға ұмтылған моңғолдардың тас-талқанын шығарған. Әскер ішінде темірдей тәртіп орнатқан.


Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады. Жат жұрттардағы қыпшақ әдебиетінің бүкіл Шығыс елдеріне кең тараған туындысы – қазақ сахарасының перзенті қыпшақ Сұлтан аз-Захир Бейбарыс жайлы қиссалар.



Осы қыпшақ батыры тұсында Мысырдың егін шаруашылығы мықтап дамыған. Суландыру жүйелері жөнделіп, қалпына келтірілген. Қыпшақ текті көптеген әскербасыларға Сирия мен Египеттен жер бөліп берілген. Бейбарыс басқарған жылдары Мысыр өте тез дами бастады. Египеттің әл-Искандария (Александрия), Дамиетта, Әл-Қаһира (Каир) секілді қалалары ірі-ірі сауда орталығына айнала бастаған. Сауданың өсіп-өркендеуіне Бейбарыс та барынша жағдай жасауға тырысқан. Мұнда Венеция Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері соқпай кетпейтін. Сол үшін де қыпшақтар олардан көп заттар алатын.



Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қолбасшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы – крест тағушыларды талқандады. Моңғолдарды Мысырға қарай қия бастырмаған. Жастайынан жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мәмлүк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана  Бейбарыс деген есіммен атамекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің айбарындай асқақ.


Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА.


(Дереккөз malimetter.kz).


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:52

19:12

19:06

18:56

17:51

17:43

17:35

16:58

16:13

16:07

15:49

15:42

15:35

13:05

12:58

12:58

12:57

12:43

12:30

12:16

12:05

11:59

11:50

11:19

10:53