Сана тазармай, қала тазармайды

Сана тазармай, қала тазармайды

Алматыда қала тазалығын қадағалау ісі жүйелі жолға қойылған. Жылдың төрт мезгілінде де тынымсыз еңбекті қажет ететін тазалық жұмыстарына мегаполис­те «Алматы тазалық» мекемесі жауапты. Қала тазалығына байланысты бірқатар сауалдарға жауап алу үшін аталмыш мекеменің басшысы Әділет Қайратұлы ТОҚТАСЫНОВ мырзаны әңгімеге тарт­тық.






Тазалық мәселесі біз үшін алдыңғы орында


– Әділет Қайратұлы, сіз басшылық жасайтын меке­менің қандай жұмыстармен айналысатыны атында тұр. Дегенмен, «Алматы тазалық» МКК-ның атқаратын қызметі жайында кеңірек әңгімелеп берсеңіз...


– «Алматы тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес құрыл­ған. Құрылтайшысы – Алматы қаласының әкімдігі. Ал кәсіпорынды басқаратын орган - Алматы қаласының комму­налдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы. Негізгі қыз­меті, өзіңіз айтпақшы, қаланың көше-жол желісін күтіп ұс­тау саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру. Мәселен, қыста көшелерді қардан тазарту, көктай­ғақтың алдын алу үшін жолдарды инертті материалдармен өңдеу, кейіннен оларды тазалау, ал көктем, жаз, күз айларын­да жолдар мен жол жиектерін қоқыстардан, қураған, шабыл­ған шөптерден тазалау, тротуарларды жуу секілді тазалық жұмыстарын жүргізеді. Нақты айтқанда, кәсіпорын жолдар­ды пайдалану ережелерінің талаптарына сәйкес келетін жұмыстар кешенін орындайды. Ірі қалалардағы тазалық жұмыстары коммуналдық қызметтердің күнделікті атқара­тын жұмысы, тіпті, міндеті десем де болады. Кейінгі жыл­дары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап даму­да. Сондықтан тазалық мәселесі біз үшін алдыңғы орында.


Кәсіпорын Алматы қаласының 7 әкімшілік-аумақтық ауданындағы ұзындығы 1657 шақырым, яғни жалпы ауданы 17,6 млн м² (қаланың жалпы аумағының 70%), жаяу жүргіншілер аймақтары, тротуарлар және ұзындығы 867 шақырым, ауданы 2,1 млн м2 болатын велосипед жолдарына тазалық жұмыстарын жүргізеді.


– Алматыға қар түскеннен бастап көшеде қарбалас басталады. Бұл сәтте жолдарды тазалап жатқан жұмыс­шыларды жиі көреміз. Бір байқағаным, кейінгі кездері жүргізушілер көліктерін көше бойына жағалай қоятын­ды шығарған. Осындай көліктер жиі тоқтайтын жолдар­ды қардан қалай тазартасыздар?


– Бұл мәселе мекеме үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қазіргі таңда оны қалалық Жол полиция­сы басқармасымен бірлесіп пысықтап жатырмыз. Тазалық жұмыстары кезінде автокөлік жүргізушілерінің көліктерін кейбір көшелерден шығаруға тура келеді. Ол үшін біз эва­куаторларға алдын ала тапсырыс береміз. Бірақ көліктердің барлығын қысқа мерзімде алып тастау мүмкін емес. Себебі, оған кәдімгідей уақыт керек. Эвакуаторлар да аз дегендей...


Айтпақшы, мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала әкімдігі мен жол полициясы бөлімінен көшелердің жекелеген санаттарында жұп және тақ сандар бойынша ав­тотұрақтарды ұйымдастыру мәселесін қарастыруды енгізуді сұраймын. Өйткені, бұл әдіс қыста көшелерді (әсіресе, қар жауған кезде) қардан тазарту уақытын қысқартуға зор мүмкіндік береді.



Техника жеткілікті


– Осы қала көшелерінен жиналған қарларды қайда шығарасыздар? Естуімізше, қарларды ерітеді дейді? Бұл қаншалықты рас?


– Қала көшелерінен шығарылған қар үйінділері арнайы қар төгетін орындарға жеткізіледі. Мұндай орындар қала­ның аудан әкімдіктерімен белгіленіп, бөлінген. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді ғой. Рас, қазір қала ішінде ста­ционарлық қар ерітетін зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.


– Көшелерді уақытылы тазалауды қамтамасыз ету үшін кәсіпорынның мүмкіндігі қандай? Техникалары­ңызды қаншалықты жиі жаңартасыздар?


– Мекеменің балансында өндірістік базалар мен жер телімдерін қоса алғанда ірі өтімді активтер бар. 700-ден астам мамандандырылған жабдықтармен қамтылған. Олар­дың қатарына жоғары технологиялық, әмбебап және қымбат машиналарды қосуға болады. Өздеріңіз де байқаған шығар­сыздар, қарды тасымалдауды және оны тиеуді жылдам жү­зеге асыруға мүмкіндік беретін шнегі бар «Jetbroom» деген қар тазалағыш машина бар. Тротуарларды сыпыратын «PONY» машинасы, «Дулево» деген шаңсорғыш көлік­теріміз қала көшелерін тазалап жүр.


Кәсіпорынның машиналар мен механизмдер паркі жыл сайын жаңартылып отырады. Тозығы жеткендері есептен шығарылады да, олардың орнына өндірістік сипаттамалары жоғары жаңа жабдықтар сатып алынады. Жабдықтардың бір бөлігі кәсіпорын есебінен сатып алынады. Көліктерді сатып алуға немесе жаңартуға жергілікті бюджеттен де қаражат бөлінеді.


Тазалық - баршаға ортақ


– Мекемеде қанша адам жұмыс істейді?


– Компанияда 1500-ден астам адам жұмыс істейді. Жұ­мысшылардың негізгі санаты – жол жұмысшылары, жүргі­зушілер мен механизаторлардан тұрады. Жасыратыны жоқ, бүгінде бұл мамандықтар бойынша қызметкерлерді жасақ­тау біліктілігі төмен. Жұмысқа қабылданғандардың көбі Алматыда тұрақты мекенжайы жоқ, қала шетіндегі ауылдар­дан (Алматы облысы) келгендер. Жол жұмысшыларының жалақысы шамамен 150–170 мың теңге (салық міндеттеме­лері шегерілгенге дейін есептеу), жүргізушілер мен механи­заторларға 220–260 мың теңге (техника түріне және жүргі­зуші санатына байланысты) жалақы төленеді.


Қазіргі уақытта тиімді шарттармен жұмысқа орналасуға мүмкіндік көп. Осыны түсінген жұмысшылардың көбі таза­лық жұмыстарына көп тұрақтамайтын болды. Мекемедегі басты мәселе осы. Жоғарыда айтқанымдай, жол жұмысшы­ларының біліктілігі төмен санатқа жататынына қарамастан, жұмысы күрделі. Кез келген ауа райы жағдайында көшеде жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Қазіргі таңда ешқандай жоғары білім алмай-ақ, өзіңізге ыңғайлы жұмыс кестесін таңдап алып, көп ақша табуға болады. Тауарларды жеткізетін курьер немесе жеке жүк көлігі ретінде жұмыс істеп, жол жұмысшыларынан артық ақша таба аласыз.


Жұмысшыларымызды ынталандыру үшін кәсіпорын есепті кезеңнің қорытындысы бойынша және еңбек сіңірген жылдарына қарай жылына бір рет өндірістік сыйлықақы береді. Өкінішке қарай, кәсіпорында жұмысшылардың тұ­рақты жұмыс жасауын қамтамасыз ететін басқа жол болмай тұр.


– Соңғы уақытта қала тұрғындары тарапынан әлеу­меттік желілерде «көшелер дұрыс тазаланбайды, жұ­мыстар уақытылы жүргізілмейді» деген шағымдар жиілеп кетті. Бұған не айтасыз?


– Шаһардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті әрі үздіксіз жүргізіледі. Халық жол жұмысшыларының таңсәріден көшелерді тазалап жататынын байқамауы мүмкін емес. Сондықтан әлеужелідегі шағымдарды мекеменің не­месе тазалықшылардың дұрыс жұмыс істемеуінен деп айта алмаймын. Әрине, кемшілік қай кезде де болады. Оны жа­сырмаймыз. Дейтұрғанмен, сана тазармай, қала тазрамайды. Тазалық – баршамызға ортақ. Осыны көпшілік түсінсе екен деймін.


– Әңгімеңізге рахмет!



Әңгімелескен Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:49

15:42

15:35

13:05

12:58

12:58

12:57

12:43

12:30

12:16

12:05

11:59

11:50

11:19

10:53

09:50

09:35

09:20

09:05

08:45

08:35

08:20

08:10

21:01

20:48