Сахна саңлағы

Сахна саңлағы almaty-akshamy.kz

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ғайникамал Байқошқарова 85 жасқа толды


Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарова Әуезов театрының дүркіреп тұрған кезінде 1974 жылы театрдың актерлық құрамына қабылданған. Оған Әзірбайжан Мәмбетов бастаған, театрдың алтын ғасырына айналған көште еңбек ету бақыты бұйырды. Содан бері аттай елу жылға аяқ басыпты. Бекзат болмысты актриса талантты әрі таңдаулы режиссерлермен еңбек етті.



– Театр сахнасында 100-ге жуық рөлдерді сомдадым. Әр режиссердің спектакльді қоюы, актерлармен жұмыс істеу бағыты сан қырлы болатын. Ұлы қоюшы-режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің спектакліне қатысу ғана емес, репетицияларында болудың өзі нағыз бақыт еді. Әзекеңнің репетициялары туралы қойын дәптеріме көп жазғанмын да. Әзекең сахнаға құдды бір ғарыш сияқты қарайтын. Дайындық басталғанда ерекше көңіл күйге түсетін. Көрнекті режиссер кейіпкерлердің костюм, киім киісі, жүріс-тұрысы,  бәрі өз деңгейінде сай болуын талап етті. Кішкентай детальға дейін талқылады. Ұзақ дайындалып, осының бәрін бойларына сіңірген актерлар да бар жан-тәнімен дайындалды. Мұндай репетициялардан өту, сондай рөлдер ойнау арман ғой! Әзекең бүкіл театр қамын ойлайтын. Біздер тіпті театрға жақындағанда Мәмбетовтің рухын сезінетінбіз. Бойыңды бірден жиып аласың. Сол кездерде Әзірбайжан Мәмбетов қатаң тәртіпті талап ететін, – дейді Ғ.Байқошқарова.




Ғайникамал апай Әзірбайжан Мәмбетовтің қойған спектакльдерінде көптеген рөлдерді сомдаған. Солардың бірі –  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Ақ кеме», «Көктебедегі кездесу», «Беу, қыздар-ай!», «Қарагөз», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Кемеңгер мен көлеңкелер», «Абай» және т.б.  рөлдерді сомдаған.


«Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» бойынша Әзекең қойған спектакльде Гүлжамалдың рөлін орындадым. Қойылымды Әзекеңнің туған әпкесі  Аққағаз Мәмбетова апай көріпті. «Сен спектакльдің ырғағына дәл түсесің. Ритмді керемет сезінесің. Сахнада ойнамайсың, өмір сүресің», –  деп мақтады. Рөл  әрқалай шығады ғой. Сол күні ерекше шықса керек. Сахна серіктестеріммен қашанда жақсы, сыйластық қарым-қатынаста болдым, әлі де солай. Адамдар бір-бірімен жарасымды, гармониялы қарым-қатынаста бола білуі – мәдениет»,  –  дейді актриса.


 


Қайсар мінезді қазақ қызы


Ғайникамал апайдың балалық шағы қиырдағы қазақ ауылында өтті. Әкесі Мұқан Байқошқарұлы мен анасы Гүлфарида Мұсатайқызының өмірі де өнегелі. Ол заманда теледидар жоқ. Ауылға ара-тұра кино ғана келіп тұрады. Онда да кілең орыс тілінде. «Бродияга», Госпадин 420»  сияқты үнділік фильмдер.


Дегенмен, өмірдің өз заңдылығы бар. Кейіпкеріміз алпысыншы жылдардың басында, ол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін Алматы Медицина институтына түскен. Алайда, үш жыл оқығаннан соң оны тастап кетеді. Себебі,  әлдебір газеттен «Консерваторияның актерлар дайындайтын бөліміне «Хадиша Бөкеева актерлар қабылдайды» деген хабарландыруды оқиды. Осылайша  жас бойжеткеннің көңілі нілдей бұзылады. Сол кезде театр директорының орынбасары болып істейтін жақын ағасына келеді де: «Аға, менің дәрігер емес, актриса болғым келеді» деп ішкі сырын ақтарады. Институтта оқып жүрген қарындасының бұл сөзі ағасына онша ұнай қоймайды. «Одан да бастаған оқуыңды бітірмейсің бе?» деген сөз естиді. Дегенмен, мұндайда беттен қайтса, оның несі қайсарлық? Жас бойжеткен алған бетінен қайтпайды. 


Осылайша  ағасы қарындасын Фарида Шәріпованың алдына алып келеді. Фарида апасы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» драмасындағы Толғанайдың «Құс жолы» монологын жаттап алуға кеңес береді. Сол жерде-ақ актриса болудың кейбір әліпбиімен таныстырады. «Біраз дайындалып, алып кел» деп шығарып салады. Осы бір тырнақалды қадамнан соң әлгі ағасы Ғайникамалды Сәбира Майқановаға алып барған. Мединститутты оқып жатқан қыздың оқуын тастап, актриса боламын деген ниетін Сәбира апасы да онша құптай қоймаған. Ақыры Ғайникамал қыз бұл сөзге де тоқтамайды. Дегенмен, қазақ өнерінде есімдері алтын әріппен жазылған осы екі актриса апасының батасы дарыды ма, Ғайникамал актерлық бөлімге түсіп кеткен.


Ең қызығы, осы бір тұстарда жас қыздың ойы кинематография саласына да ауған. Көп ұзамай өз ақшасымен айды аспаннан шығарып, Мәскеудегі ВГИК-ке оқуға түсуге жол тартады. Алайда, бойжеткеннің арманы орындалмады. Сол кезде Мәскеуде ХІІ халықаралық кинофестиваль өтіп жатқан болатын. Сондықтан ВГИК-тің қабылдау емтихандары кейінге қалдырылыпты. Бұл жаңалыққа қапа болғанымен, Ғайникамал олжасыз емес еді. Өткірлігінің арқасы болар, Мәскеудегі кинофестивальға келген, қасына атағы дардай өнер тарландарының өзі жолай алмайтын, атағы айдай әлемге танымал Радж Капур, Марина Влади сияқты актерлармен сүретке түсіп, қолтаңба алады.


Осылайша ол Құрманғазы атындағы Өнер консерваториясының актерлық факультетін Хадиша Бөкееваның тәлімгерлігімен 1965–1969 жылдар аралығында Әшірбек Сығай, Құман Тастанбеков, Рахилям Машурова, Әшірәлі Кенжеев секілді белгілі өнер қайраткерлерімен бірге бітірген.



Кәсіби шеберлігі ерекше


Ғайникамал Мұқанқызы өмір бойы өзін бабында ұстаған жан. 49 жасында Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінің бас кейіпкері он екіде бір гүлі ашылмаған  Қарагөзді ойнау бақытына ие болған.


– Меніңше, театр және кино актрисасы ұдайы сергек, бабында болуы шарт. Персонажыңмен бірге қайғырасың, бірге азап шегесің. Соның образына енесің. Сондықтан өзімнің кейінгі жас буынға үнемі сомдаған рөліңе сергек бол дейтінім осы, – дейді Ғайникамал Мұқанқызы.


Ғайникамал апайдың бабында болғанының арқасында «Қарагөзді» сахнадан тамашалаған небір адамдардың бірде-бірі жас айырмашылығын байқамаған. Тіпті, персонажға сәйкеспеушілік таба алмаған деседі. Театр сыншыларының пікірінше, Қарагөз образын Ғайникамал Байқошқарова шебер сомдап шығарған. Бұл да болса актрисаның кәсіби шеберлігін көрсетсе керек.


– «Қарагөз» рөлін сомдар алдында Ғайникамал менімен ақылдасып, өз ойларын айтып, көп пікірлесіп жүрдік. Сонда мен оның тағы бір қасиеті – аса зеректігін байқадым. «Қарагөз» рөлін ол, ең алдымен, театрдың Көркемдік кеңесінде көрсетті. Сол жолы кереметтей жайнап келгенін, нағыз Қарагөзді танытқанын ұмытпаймын. «Қарагөзді» көрермен қауым да аса жақсы қабылдады, – дейді Зәмзәгүл Шәріпова.



«Жыл актрисасы» атанды


Ғайникамал Байқошқарова өзінің 80 жылдық мерейтойын Семей қаласы Аягөз ауданында атап өтті. Актрисаның жерлестерімен кездесуге келгені Семей төріндегі айтулы оқиға болды. Шығыс жұртшылығы өнер адамдарын пойыздан түсер сәтте қарсы алып, әсерлі әндерін шырқап, тәтті тағамдарын ұсынған. Ғайникамал Байқошқарованың өмірдегі, өнердегі әріптестері арнайы келіп, Абай театрында «Отыз ұлың болғанша...» спектаклін сахналады. Қойылым басталмас бұрын театр ұжымы БАҚ өкілдерімен жүздесіп, өнер әлемі, оқиғалардан түйген ой-пікірлерін ортаға салды.


– Туған жеріме араға 50 жыл салып, ат басын бұру бақыты бұйырыпты. Менің ең алдымен,  мерейтойымды туған жерімде өткізуге келгенде Семейімнің Абай облысының орталығы мәртебесін иеленіп, даму жолына түскенін көріп,  қуанып отырғанымды айтқым келеді. Өйткені,  Семей қашанда қазаққа ұлы Абайдың, Шәкәрімнің және қазақ әдебиетіне ізін қалдырған Мұхтар Әуезовтің ізі қалған қала ретінде қастерлі. Сондықтан мен ендігіде қаланың да, жалпы туған топырағымның да болашағы зор деп ойлаймын. Осылай құрмет-қошеметпен бізді қарсы алып, шынайы  ықылас ниетін танытып отырған Абай облысының әкімдігін  және Мәдениет басқармасының қызметкерлеріне алғыс білдіремін, – деді мерейтой иесі.


Осы ретте айта кетерлігі, қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халық құрметіне бөленген дарынды актрисаның есімін өзі туып-өскен өңірдің театрына неге бермеске деген ой келді.


Сахна сәні Ғайникамал Байқошқарова киноэкранда аз көрінген жоқ. 30-дан аса көркем фильмге түсіп, әрқилы бейнелер жасаған. Дарынды актриса түскен фильмдердің арасында екі бірдей «Қарашаңырақ» бар. Біреуі – мелодрама, екіншісі – телесериал. Мазмұнды да тартымды фильмдердің қатарында 1974 жыл түсірлген «Бәйшешектер» ағылшын тілі мұғалімі (реж. Ж.Бәйтенов), «Шұға» («Анна Каренина» желісімен) түсірілген (реж. Д. Өмірбаев), 2015 жылы түсірілген «Жаңа қоныс» ана рөлінде (реж. Ж.Момышев), «Қырық жеті баланың анасы» –  Әмина апай (реж. О.Нұрбай) т.б.  рөлдерін сомдаған. Бұдан бөлек, 2014 жылы жарыққа шыққан «Қара шаңырақ» телесериалындағы Гаухар ана рөлі. Гаухар ана актрисаның бүгінгі қазақ әйелі, анасы, енесі  қандай болу керек дегенге өзінше берген көркемдік жауабы болды. Ойға шомған күндер, кештер, маңдай тер бекер кеткен жоқ. Телехикаялар рейтингінде отандық көрермендер актриса Ғайникамал Байқошқарованы «Жыл актрисасы» деп атады. Шығармашылық бабындағы актриса бүгінде де бірнеше сериал мен фильмдерге түсіп жүр.


Өнер жолы сахнаға, өз кәсібіне деген үлкен махаббатпен, жасампаз күш-қажырмен, таза жүрекпен нәрленген актрисаның өнегелі өмірі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:23

08:44

08:01

20:38

19:41

19:05

18:50

18:08

17:47

17:40

17:24

15:50

15:40

15:38

15:18

14:48

14:39

14:15

14:11

14:08

14:03

13:46

13:33

13:25

13:13